Ақмола облысында полиция қызметкері жаяу жүргіншіні қағып өлтірді
Ақмола облысының Атбасар қаласында полиция қызметкері жаяу жүргіншіні қағып өлтірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Polisia.kz
Ақмола облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы 18 тамызда түнгі сағат 03:00 шамасында болған.
"Атбасар қаласында жаяу адамды көлік қағып, ол алған дене жарақатынан көз жұмды. Жол апатына қатысы бар жүргізуші ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды", – делінген хабарламада.
Әлеуметтік желіде күдіктінің полиция қызметкері екені туралы ақпарат тарады. Полиция департаменті жүргізушінің полиция қызметкері екенін растады.
"Қазір ол теріс себептермен ішкі істер органдарынан жұмыстан шығарылды. Барлық қажет сараптамалар тағайындалды. Тергеу барысы Ақмола облысы ПД басшылығының жеке бақылауында", – делінген хабарламада.
Еске салсақ, бұған дейін Ақтөбе облысында әскери қызметкердің 17 жастағы қызды қағып өлтіргені туралы жазған едік.