Ақмола облысында "Нұрлы жер" бағдарламасына бөлінген 130 миллион теңгені жымқырған кәсіпкер сотталды
Фото: t.me/Aqmola_sottary
Ақмола облысында тұрғын үй құрылысы кезінде 130,5 миллион теңгені жымқырған ЖШС директоры сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ақмола облыстық сотының мәліметінше, Ақкөл аудандық сотында “Нұрлы жер” бағдарламасы аясында салынған тұрғын үй құрылысы кезінде аса ірі мөлшерде мүлікті ысырап еткені үшін ЖШС директоры П-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.
Сотта 2020 жылы Ақкөл қаласында тұрғын үй салу жұмыстары бойынша құрылыс бөлімінің басшысы Ш мен ЖШС директоры П мемлекеттік сатып алу шартына қол қойғаны анықталды.
Жұмыстарды орындау барысында П шарт талаптары мен мерзімдерін бірнеше рет бұзған. Техникалық қадағалау өкілі тапсырыс беруші мен мердігерге құрылыс жұмыстарының тиісті деңгейде орындалмағанын көрсеткенімен, құрылыс бөлімінің басшысы тиісті шаралар қабылдамаған.
Ал 2021 жылы қараша айында жұмыстардың орындалмауы және қаражаттың игерілмеуі фактілері анықталған. Осыған байланысты құрылыс бөлімінің басшысы Ш орындалған жұмыстар актісінсіз игерілмеген қаражатты ЖШС-ға аударған, ал П бұл қаражатты кейін құрылыс бөліміне қайтаруы тиіс болған. Алайда П жалған мәліметтері бар түбіртектер рәсімдеп, аталған қаражатты иеленіп алған, ал Ш құжаттарға қол қойған.
Осылайша П мемлекетке 130 561 563 теңге мөлшерінде аса ірі көлемде залал келтірген.
Соттың мәліметінше, құрылыс бөлімінің басшысы Ш-ға қатысты қылмыстық қудалау жауаптылық мерзімінің өтуіне байланысты тоқтатылған.
“П-ның кінәсі бухгалтерлік құжаттармен, банк мәліметтерімен, сараптама қорытындыларымен, куәгерлердің айғақтарымен және басқа да материалдармен дәлелденді. Сот үкімімен П-ға 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сотталушыдан мемлекет пайдасына келтірілген 130 561 563 теңге материалдық залал өндірілді”, – делінген хабарламада.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Аталған іс бойынша үкімді жариялауға жергілікті әкімдік қызметкерлері шақырылып, заңнама талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілік жөнінде ескерту жасалған.
Еске салсақ, бұған дейін Ақмола облысында 700 миллион теңгені жымқырды деп айыпталған шенеунік әкімнің орынбасары болып тағайындалғаны туралы жазған едік.
“2 миллиард теңгеге жуық“: Қазақстан өңірлері 2026 жылды қарсы алуға қанша қаражат жұмсайды?