Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақмола облысында ер адам ҰОС жауынгерлеріне арналған ескерткішті бүлдіріп кеткен

Ақмола облысында Ұлы Отан соғысы жауынгерлеріне арналған ескерткішті бүлдіріп, тақтайшаларына жазу салған адамның үстінен қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Видеодан скриншот

26 қазанда тәртіп сақшылары Зеренді ауданында бұзақылық фактісін тіркеді. Ұлы Отан соғысы жауынгерлеріне арналған ескерткіш бүлініп, тақтайшалары жұлынып, сызылып қалған. Бәзбіреу далаппен тақтайшаға “Олжас” деп жазып кеткен. Полицейлер тексеру жүргізіп, сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады.

"Жедел іздестіру шаралары барысында 38 жастағы жергілікті тұрғын анықталып, кінәсін мойындады. Оған қатысты Қылмыстық кодекстің 294-бабы “Вандализм” бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталады", – делінген хабарламада.



Күдіктіні 100-200 АЕК айыппұл не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не 160 сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу жазасы күтіп тұр.

Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, "Құқықтық тәртіп" қағидаты аясында мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алу және анықтау бойынша барлық қажет шара қабылданып жатыр.

Еске салсақ, бұған дейін сенат жаңа заң ұсынып, оған сәйкес Қазақстанда енді тарихи ескерткіштерді бүлдіретін "суретшілер" 3 жылға сотталатыны айтылған еді.

Талқылау