Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұлын құшақтаған күйде жанып кеткен: Ақмола облысында өрт шыққан үйдің түгі қалмаған

Ақмола облысындағы Алексеевка ауылында үй өртеніп, газ баллоны жарылды. Өрт басталғанда баласын құтқарып үлгерген 30 жастағы азамат жарылыстан соң екінші ұлымен бірге үйден шыға алмай қалды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.

"Бір партада отырған, кішкентайдан бірге өскен сыныптас досым еді. Кім білген, "Сашка жанып жатыр" деген айғайдан ояндым. Тұра жүгірдік, не керек, үлгермедік. Газ баллоны жарылып, үйден қайта шықпай қалды. Қолымыздан түк келмеді", - дейді марқұмның досы Евгений Кох.

Өрт  жұрт шырт ұйқыда жатқанда басталыпты. Үй иесі тілсіз жау күш алғанда ғана оянған. Жанұшыра бір жарым жастағы ұлын далаға шығарыпты. Қайтіп кіріп ұйқыдағы 6 жасар ұлын алып шықпақшы болғанда газ баллоны жарылған. Күшті дүмпуден үйдің қабырғалары құлап, шатыры көкке ұшқан. Үйінді астынан құтқарушылар баласын денесімен жауып жатқан екеуінің мүрдесін тауыпты. Ал оқыс оқиға болғанда балалардың анасы ауруханада жатқан. 30 жастағы Александр үйінде екі ұлымен қалған. Доломитовый зауытында слесарь болып жұмыс істеген марқұм отбасына да, жұмысына да  өте жауапты азамат болған, дейді көршілері. 

"Хабар келіп түсе, Көкшетаудан да, Зерендіден де өрт сөндіруге 20 адам және 5 арнайы көлік жіберілді. Ішкі істер органдары тергеу жүргізіп жатыр. Өртке техникалық сараптама жасалды. Өрттің неден тұтанғаны анықталып жатыр", - дейді Ақмола облыстық ТЖД бастығының орынбасары Манарбек Шапағатов.

Талқылау