Ақмола облысында із-түзсіз жоғалған алты жасар бала бес күннен бері іздестіріліп жатыр
Фото: Ақмола облыстық полиция департаменті
Алты жасар Жандәулет Қалмырзаның жоғалып кеткені туралы хабар Қорғалжың аудандық полиция бөліміне 30 сәуірде келіп түскен. Анасының айтуынша, бала кешкі сағат жеті шамасында үйден шығып кетіп, сол күйі оралмаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алдын ала мәлімет бойынша, жоғалған күні Жандәулетті Нұра өзені маңынан көргендер бар. Жедел іздестіру шараларына полиция қызметкерлері, төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері, еріктілер мен жергілікті тұрғындар жұмылдырылған.
Баланың негізгі белгілері: арық келген, қара шашты, қой көзді. Жоғалған күні үстінде қызғылт сары жемпір, қара шалбар, қоңыр кроссовка болған.
Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі баланы іздеу жұмыстарына төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамының 37 қызметкері, департаменттің 4 жүзу құралы мен 6 техникасы, 15 полиция қызметкері мен облыстық полиция департаментінің 4 техникасы, 50-ге жуық адам мен жергілікті атқарушы органның 5 жүзу құралы жұмылдырылғанын атап өтті.
“Полиция қызметкерлері Жандәулетті көрген-білгендер болса, дереу 102 нөміріне немесе жақын маңдағы полиция бөлімшесіне хабарлауды сұрайды”, – делінген облыстық полиция департаменті хабарламасында.

"Мәһрге наубайхана ашып беруді сұрадым": Египеттік жігітке тұрмысқа шыққан қазақ қызының тойы желіде қызу талқыға түсті
