Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақмола облысында 700 миллион теңгені жымқырды деп айыпталған шенеунік әкімнің орынбасары болып тағайындалды

700 миллион теңге жымқырды деген шенеунік әкімнің орынбасары болып тағайындалды

Фото: gov.kz

Ақмола облысында бір жыл бұрын 700 миллион теңге қаражатты жымқырды деп айыпталған Альмира Ибраева Қосшы қаласының әкімінің орынбасары болып тағайындалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Жуырда Қосшы қаласының әкімі Гайдар Қасымов экономика және қаржы жөніндегі жаңа орынбасарын таныстырды. Бұл қызметке Альмира Ибраева тағайындалды. Алайда жаңа орынбасардың бұрын ірі жемқорлық ісіне қатысы болған.

Бұған дейін Ақмола облысында 700 миллион теңгені жымқыру күдігімен бірқатар шенеуніктердің ұсталғаны туралы жаңалық тарады. Күдіктілердің қатарында Альмира Ибраева да болды. Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, оған қамауға алу санкциясы берілген.  

Араға бір жыл да салмай, Қосшы тұрғындары Альмира Ибраеваның жаңа әкімнің орынбасары болып тағайындалғанын естіді. Көпшілікте оның қалай мемлекеттік қызметке тағайындалғаны туралы сауал туындады. 



Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің хабарлауынша, мемлекеттік әкімшілік қызметкерлерді аттестаттау 2017 жылы президенттің 2016 жылғы 30 желтоқсандағы №404 жарлығына сәйкес өткізілген. Аттестаттау үш кезеңнен тұрған: бағалау парағын дайындау, жеке құзыреттерді бағалайтын тест өткізу және президенті жанындағы Жоғары аттестаттау комиссиясы немесе тиісті деңгейдегі аттестаттау комиссияларында әңгімелесуден өту.

“Қолда бар материалдарға сәйкес, А. Ибраева "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметкерлерін аттестаттау қағидаларына сәйкес аттестаттаудың барлық кезеңдерінен сәтті өтті.

Сонымен қатар, жарияланымда көрсетілген А. Ибраеваға қатысты қылмыстық іс оның әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты 2021 жылы тоқтатылған. Бұл аталған тұлғаның мемлекеттік қызметті одан әрі өткеруіне байланысты қандай да бір шектеулердің болуын жоққа шығарады”, – деді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті. 

STAN.KZ
Дүйсенбі, 24 Қараша, 2025 15:34
Талқылау