Атырауда бір топ адам жігітті аяусыз соққыға жықты: Полицияға шағым түспеді (видео)
Әлеуметтік желіде Атырауда бір топ адамның ер адамды жабылып аяусыз соққыға жыққаны туралы видео тарады. Оқиға Жилгородок шағын ауданында болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ATYRAU ONLINE Telegram арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Желіде тараған видеодан бес адамның біреуі ер адамды тепкіге алып жатқанын көруге болады.
“Ер адам жерде, соққыны ауырсынып жатса да, олар ұрып-соғуды тоқтатпады. Бұзақылардың бірі оның басына соққы жасаған. Болған жағдайды қыздар видеоға түсіріп алған. Сондай-ақ видеода балағат сөздер айтылған”, – делінген жазбада.
Бірде кейін шегінген бұзақылар ер адамның орнынан тұрып, қашпақ болғанын көріп, қайта шабуыл жасауға оқталды. Алайда жәбірленуші қашып үлгерді.
Кейін зардап шеккен ер адамның түрлі дене жарақаттармен ауруханаға барғаны белгілі болды. Алайда полицияға арыз түсірмеген. Десе де, жергілікті полиция болған жағдайға қатысты тексеріс жүргізіп жатыр.
Сонымен қатар тұрақта тұрған көлікке зақым келгені анықталды.
Бұған дейін Алматыда тұрғын үй кешенінің күзетшісі жүргізушіге ескерту жасаймын деп ауруханаға түскен еді.