Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әкімдік те мәселені шешіп бере алмайды": Алматы облысында бүтін бір елді мекен жекенің қолына өтіп кеткен

Алматы облысы Қарасай ауданының 200-ге жуық халқы өз аулаларында өздері еркін жүре алмайды. Өйткені, тұтастай бір елдімекен жекенің қолына өтіп кеткен. Жұрт 18 жылдан бері кооператив иесіне жалтақтап, күнкөрісіміз күннен күнге қиындап барады дейді. Сондықтан жерлерін жекенің меншігінен мемлекетке өткізуді сұрайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

ауыл

Видеодан скриншот

Баркөл елдімекеніне жұрт 18 жыл бұрын көшіп келген. Көпшілік жер сатып аларда аумақтың жақын арада жекеден мемлекетке өтеді дегенге сенген. Ең бастысы, қала маңынан жайлы жер таптық деп қуанған. 

Тұрғындар мәселелерін айтып, кооператив иесіне сан мәрте барған. Алайда еш нәтиже болмапты. Сондықтан жолды өзіміз төсеп, суды тасып ішуге мәжбүрміз дейді.  

“Электр тоғын да халық ақша жинап, жөндейміз. Өзімізге керек болғаннан кейін. Кооператив иесі ауылдан адам сайлайды. Осыны жасайсыңдар ма дейді, сосын халық қайтеді қараңғы үйде отыра алмайды 21-ғасырда.  Шаршап кеттік, осыдан жеке шықсақ деп отырмыз. Үкіметке өтсек, өз жерімізді өзіміз пайдалансақ”, – деді тұрғын Мұратхан Тоқтаубай. 

“Біз мысалға, Жібек жолы ауылдық округіне, ауданға, тіпті, Алматы облысының әкімдігіне бардық. Олар біздің мәселемізді шешіп бере алмайды. Айтатындары тек бұл біреудің жекеменшік 9 жарым гектар жері, ол жерге кіруге, тәртібіне араласуға құқығымыз жоқ дейді”, – деп қосты Гүлмира Наурызбаева. 

Баркөлдіктердің мәселесімен әкімдіктегілер таныс. Алайда шенділер қаржы бөлінбей қолымыз байлаулы дейді. 

“Аудандық сәулет және қала құрылысы тарапынан Алматы облысының сәулет және қала құрылысы басқармасына бюджеттік өтінім берілді. Жұмыстар аяқталса келесі жылы толық ауыл құрамына қосылады”, – деді Жібек жолы ауылдық округі әкімінің орынбасары Ержан Қасен. 

Әкімдіктің мемлекет меншігіне өтеді деген сөзіне жұрт сенбейді. 18 жылдан бері не жолымыз, не жарығымыз жоқ деген көпшілік өз жерімізде өзіміз зорға күн көріп отырмыз дейді. Сондықтан мәселелері үкімет деңгейінде қаралса екен деген тілектері бар. 

Талқылау