"Әкімдік мұз сарайын 128 миллионға сатып, артынша 1 миллиардқа жалға алған алған": Шымкент әкімі мәселені қалай шешетінін айтты
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков бұған дейін жергілікті шенеуніктердің бизнесмен Серік Сейтжановқа қаладағы мұз айдын кешенін 8 есе арзан бағаға сатқан әрекетіне қатысты жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: ОКҚ
Айта кетейік, бұған дейін "Әділдік жолы" қоғамдық бірлестігінің директоры Дидар Смағұлов Шымкент қаласындағы мұз айдынын әкімдік бизнесмен Серік Сейтжановқа 8 есе арзан бағаға яғни, 128 миллион теңгеге сатқаны туралы мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, шенеуніктер 2017 жылы нысанды ұстауға ақшалары жоқтығын айтып, жекеге өткізген. Алайда көп ұзамай әкімдік олигархтан мұз сарайын қайта жалға алған. Осылайша 2017-2023 жылдар аралығында мемлекет спорт кешенін жалға алу үшін 1 миллард теңгеден астам қаржы төлеген.
Stan.kz тілшісі қала әкімінен шенеуніктердің осы әрекетін түсінідіріп беруін сұрады. Сондай-ақ “кәсіпкермен бірлескен қандайда бір жемқорлық жағдайлары болуы мүмкін бе“ деп сауал жолдады.
Сыздықбеков бұл сұраққа толыққанды жауап бере алмады. Тек таяуда бұл мәселені көтеріп, жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігінің қоғамдық кеңесінің өкілдерімен жиын өткізгенін айтты.
“Қазіргі таңда құқық қорғау органдары арнайы жұмыстар атқарып жатыр. Қаншалықты заңды, заңсыз екенін, сол жұмыстың қортындысы бойынша айтатын боламыз”,- деді қала басшысы.
Әкім бұл істі әділ шешуге уәде берді.
“Кез-келген біздің шешіміміз халыққа, біздің бюджетке зияны тимейтін біржақты, халықтың жағына әділ шешілетінін сізге сеніммен айта аламын”, -деді ол.
Десе де, Ғабит Сыздықбеков өткен іске жауап бермейтінін жеткізді.
“Өткенге көз салмай, қазіргімен өмір сүретін адаммын. Мен қазір Шымкент қаласының әкімі ретінде келіп отырмын. Бұрын қалай болғанына мен жауап бере алмаймын. Себебін айттым. Құқық қорғау органдары жұмыстарын атқарып жатыр. Соның нәтижесі бойынша шешім қабылданатын болады”, -деді қала басшысы.