"Арықтар қоқысқа толып, үйлер қирап тұр": Қазақстандық әйел Талдықорған басшыларын біліксіз деп сынға алды

Осыдан он шақты жыл бұрын жасыл әрі таза қалалардың қатарында болған Талдықорғанның тұрғындары шаһардағы ескі ғимараттар мен тозығы жеткен жолдар туралы айтып, шашылған қоқыстан көз сүрінеді деп отыр. Қала әкімі де бір жыл бұрын жөндейміз деп уәде берген жол түртілмеген күйі тұр деп шағымданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
“Балалар қорғауда” жекеменшік қорының жетекшісі Жанна Ахметова әлеуметтік желіде жазбасында Қызылорданың көркейіп, дамып жатқанын, ал өзінің туған қаласы Талдықорған мен қала тұрғындарының әкімдердін жолы болмай келе жатқанын айтты. Оның сөзінше, бұрын адамдарға “Алматыдан шаршағанда Талдықорғанға барыңдар” деп айтатын, қазір шаһар мақтағанға келмейді деп отыр.
“Талдықорғанның біліксіз басшылары туралы. Менің туған, сүйікті қалам лас, жолдары шұңқыр, жұмыс табу қиын. Біздің әкімдерден жолымыз болмай-ақ қойды. Айтпақшы, қираған көшелер мен қоқысқа толған арықтарды мен қала әкіміне WhatsApp арқылы жеке өзім жібергенмін. Ернат Бәзіл, “Самал” шағынауданын есіңізде ме? Сіз тіпті маған жауап бергенсіз, скриншоттарды сақтап қойдым. “2025 жылы көшеге жөндеу жасаймыз” деп уәде бердіңіз, бірақ ештеңе істелмеді. Сондықтан “әкім қалада болып жатқан дүниенің бәрін біле бермейді” деген сылтау бұл жерде жүрмейді. Сіз бәрін білдіңіз де, елемедіңіз, менің қаламды сүймейсіз. Президент Тоқаевтың “Таза Қазақстан” жобасына қаскөйлік жасадыңыз. Өз міндетіңізді атқара алмайсыз! “Самалдағы” арықтарда 2024 жылдан бері жатқан қоқыс сол күйі әлі жатыр”, – деп қазақстандық қала әкімінің олқылықтарын бетіне басты.

Фото: facebook.com/jannachka.akhmet
Айтуынша, Талдықорғанда қаланың қақ ортасында орналасқан бес және төрт қабатты үйлердің апатты жағдайда тұр.
“Қаратал өзенінің жанында қоқыстан аяқ алып жүре алмайсың. Адамдардың өздері қоқыс тастайды, түсінемін. Бірақ сол жерге бірнеше камера орнатып, бірнеше адамға айыппұл салса жеткілікті, сонда бәрі бұлай жасауға болмайтынын түсінер еді. Басшылықта ниет болса, Талдықорғанды елдегі ең таза қалаға айналдыруға болар еді. Облыс әкімі Бейбіт Исабаев қаланың шетінде орналасқан сәнді резиденцияда тұрады, сондықтан қаладағы жағдайды көріп-білуі екіталай”, – деп жазды Жанна Ахметова.
Осы тұста Жетісу облысы әкімдігіне сұрау жібердік. Әкімдік биыл Жансүгіров көшесінің бойында орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттері мен шатырларын жөндеуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді.
“Таза Қазақстан” бағдарламасы аясында қаланың біртұтас сәулеттік келбетін қалыптастыру және аула аумақтарын абаттандыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілді. Сонымен қатар қала бойынша 39 көпқабатты тұрғын үйдің шатыры жаңартылып, 20 жаңа балалар ойын алаңы орнатылды. Биыл Жансүгіров көшесінің бойында орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттері мен шатырларын жөндеу жоспарланып отыр. Ал Г. Орманов көшесіндегі №47 көпқабатты тұрғын үйге қатысты хабарламаға сәйкес, аталған үй биыл шатырын жөндеуге жататын нысандар тізіміне енгізілген. Үйдің қасбет бөлігін жөндеу мәселесі кезең-кезеңімен қаралатын болады”, – делінген әкімдік жауабында.
Сондай-ақ әкімдік “Тұрғын үй қатынастары туралы” Заңының 34-бабына сәйкес, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстау және ағымдағы жөндеу жұмыстары тұрғын пәтерлердің меншік иелерінің қаражаты есебінен жүзеге асырылатынын ескертті.
“Меншік иелері ортақ мүліктің тиісті деңгейде сақталуын өз бетінше немесе басқарушы ұйымдар, атап айтқанда ортақ меншікті басқару ұйымы, негізгі сервистік ұйым, көпқабатты тұрғын үйлерді сақтау кооперативі арқылы қамтамасыз етуге міндетті. Сонымен қатар, қаланың эстетикалық келбетін қалыптастыру мақсатында көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттерін жөндеу бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Қаланың даму жоспарына сәйкес, соңғы үш жылда қаланың шет аймақтарына, соның ішінде саяжай массивтеріне ерекше назар аударылды. Ал биылғы жылы осы кезеңде қаланың орталық бөліктерін абаттандыру жұмыстары басталады”, – деп мәлімдеді әкімдік.
Әкімдіктегілер жол мәселесінің де басты назарда екенін атап өтті. Сондай-ақ қаланы дамытуға арналған бекітілген кешенді жоспар аясында тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған кең ауқымды бағыттар қарастырылды деп сендірді.
“Қаланың жолдары жыл сайын 70 шақырымнан астам жөнделеді. Арнайы назар бұрын жөндеуден тыс қалған учаскелерге аударылады, оның ішінде 3-ші бөлімше ауданы, “Шығыс” шағынауданы, “Жастар 1/1” және “Шайқорған” тұрғын массивтері бар. Сонымен қатар, қаланың орталық бөлігіндегі бірнеше негізгі көшелер орта жөндеуден өтті. Нәтижесінде жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 91 пайызға жетті. Биылғы жылы шамамен 80 шақырым жолды жөндеу жоспарлануда, негізінен орта және күрделі жөндеу аясында. Қаланы кешенді дамыту жоспарына сәйкес, қаланың солтүстік және оңтүстік-батыс бөліктеріндегі аула аумақтарын жөндеу жобалық-сметалық құжаттары әзірленді. Аталмыш жобада “Самал” шағынауданындағы №3 және №3а үйлердің жанындағы жол жабындысын жөндеу қарастырылған”, – делінген жауапта.
"Екі дипломым бар, 5 тіл білемін": Қазақстандық ару Англияға саңырауқұлақ терумен айналысып жүр