"Әкімдердің арасында жастар көп": Мемлекет басшысы елде "әкімдер мектебін" құруды тапсырды
28 қаңтарда үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев сайланатын әкімдер арасында мемлекеттік қызметте істемеген әрі жастар көп екенін айтып, оларды дайындықтан өткізу үшін “Әкімдер мектебі” жобасын қосуды тапсырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Reuters
Президент аталған жобаны іске қосу үшін осындай жұмысты жүргізіп жатқан "Аmanat" партиясының тәжірибесін ескерген жөн дейді.
"Алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін тұтас мемлекеттік аппарат тиімді жұмыс істеуі керек. Әкімдерді тікелей сайлаудың нәтижесінде мемлекеттік қызметкерлердің жаңа санаты – сайланатын басшылар пайда болды. Бұл – екі жарым мыңнан астам басшы лауазымындағы қызметкер деген сөз. Олардың арасында бұрын мемлекеттік қызметте жұмыс істемеген азаматтар, соның ішінде жастар көп. Сол себепті сайланған әкімдер мен түрлі деңгейдегі басшыларды кешенді дайындықтан өткізу мәселесі өте өзекті болып тұр. Үкіметке Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп, "Әкімдер мектебі" оқыту жобасын іске қосуды тапсырамын. Бұл ретте осындай жұмысты жүргізіп жатқан "Аmanat" партиясының тәжірибесін ескерген жөн”, – деп мәлімдеді үкімет отырысында.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, мемлекеттік аппарат азаматтармен ұдайы байланыста болуы керек.
“Онсыз болмайды. Сондықтан халықтан келіп түсетін өтініштерге айрықша назар аудару қажет. Былтырдың өзінде президент әкімшілігіне 50 мыңнан астам өтініш келіп түскен, ал еліміздегі барлық мемлекеттік органдарға шамамен 4 миллион өтініш жолданған. Бұл көрсеткіш жылдан жылға көбеюде. Бір жағынан, бұл жұрттың "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасына сенетінін көрсетеді. Алайда, сонымен бірге, бұл олардың өтініштері мен мәселелері мемлекеттік органдардың күнделікті жұмысы барысында шешімін таппай жатқанын аңғартады. Сондықтан олқылықтар мен кемшіліктерді жою үшін тиянақты жұмыс жүргізу қажет. Әдетте азаматтардың өтініштерінің артында адам тағдыры тұрады. Сондықтан бұл жерде барлық құзырлы орган жұмыла жұмыс істеуге тиіс", – дейді ол.