Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ақымақтықты анықтайтын тестке жіберу керек": Қазақстанда жол ережесін өрескел бұзатын жүргізушілерге жазаны қатаңдату ұсынылды

Фото: ChatGpt арқылы жасалды

Сенат депутаты Марат Қожаев Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында болған адам өліміне әкелген жол апатына қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Журналистер Алматы мен Астана қалаларында заңсыз жарыс өтетін көшелер бар екенін айтып, полиция бұл мәселені қашан ретке келтіретінін сұрады.

Депутаттың айтуынша, полиция ештеңеге көз жұма қарап отырған жоқ. Алайда барлық құқық бұзушыны толық бақылауға алу үшін күш те, ресурс та жете бермейді.

“Біз әрбір заңсыз жарыс өткізетіндердің соңынан бір полицей қойып, бақылап отыра алмаймыз. Сондықтан ережені өзгерту керек. Мұндай құқық бұзушыларға қатысты заңды қатаңдату қажет”, – деді Қожаев.

Сонымен қатар Қожаев қоғамның мұндай қатаң шараларға әрдайым дайын болмайтынын айтты. Оның сөзінше, елде жүйелі түрде жол ережесін бұзатын жүргізушілер шамамен 5–6%. Ал қалған 94–96%  заңға бағынатын азаматтар.

“Камералар да олардың бұзушылықтарын сирек тіркейді. Ал кейбір жүргізушілер бар, олар 100 және одан да көп құқық бұзушылық жасайды. Осындай адамдарды барлық жеңілдіктен айыру керек. Мысалы, айыппұлды 50% жеңілдікпен төлеу мүмкіндігін алып тастау қажет Егер ол үнемі бұзса  толық төлесін. Сонымен қатар жүргізуші куәлігінен айырып, қайта емтихан тапсыруға жіберу қажет. Тіпті Германиядағыдай арнайы тесттер бар. Ол “ақымақтарға арналған тест” деп аталады. Осындай шараларды қатаңдату керек”, – деді сенатор.

Айта кетейік, бұған дейін 21 наурыз күні Алматыдағы Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында жантүршігерлік жол апаты болғаны туралы жазған едік. Жантүршігерлік апат салдарынан үш адам қаза тапқан. 

Нұрила Жұмаділлә
Бейсенбі, 26 Наурыз, 2026 12:44