Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бір ұйықтаса бірнеше күн бойы оянбайтын ауыл": Тылсым "Калачи" туралы не белгілі?

Фото: ЖИ қосымшасы

Адамдар ұйықтап оянбай қалған ауыл туралы сіз естуіңіз бар ма? Қазақстанның солтүстігіндегі Калачи деп аталатын шағын ауылда 2013 жылы адамдар бірнеше тәулік қатарынан ұйықтап, оларды дәрігерлер де оята алмаған. Ғалымдар да бұл құбылыстың себебін анықтай алмады. Билік жергілікті халықты басқа жаққа көшіруді ұйғарды, бірақ көшкісі келмегендер ауылда қалды. Көп жылғы зерттеуден кейін де “ұйқы дертінің” себебі анықталмады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ақмола облысы, Есіл ауданына қарасты Калачи ауылы Красногор округінің құрамына кіреді.Бір кездері бұл кентте 6,5 мыңға жуық тұрғын өмір сүрген, олардың басым бөлігі шахтерлер болған.Елді мекен КСРО-ның кен өндіру саласына бағынып, 1960-1990 жылдары оның маңында уран өндірілген. Алайда 1991-1992 жылдары уран өндіру тоқтатылып, шахталар жабылды. Соның салдарынан тұрғындар жұмыссыз қалып, күнкөріс қамымен басқа өңірлерге көше бастады. Осы жағдайға байланысты Красногор кенті болашағы төмен елді мекендердің қатарына енгізілді. Кейін тұрғындарды аудан орталығы Есіл қаласына және Калачи ауылына көшіру жұмыстары жүргізілді.

2013 жылы Калачи ауылында түсініксіз жағдай орын алды. Сол жылдың наурыз айында тұрғындар арасында алғаш рет бірнеше тәуліктеп ұйықтап қалу оқиғасы тіркелді. Шамамен  он адам бірден ұйықтап кетіп, ауруханаға түсті. Кез келген жастағы адам күндіз кенеттен ұйықтап кетіп, бірнеше күн оянбай қалуы мүмкін еді. 2013-2015 жылдар аралығында кемінде 60 тұрғын осындай жағдайды бастан кешірді, олардың көпшілігі бірнеше рет ауырды. Барлық науқастардың белгілері бір-біріне ұқсас. Алдымен олар кенеттен ұйқы қысып, бойын әлсіздік билеп, көздері бұлдырап кеткенін сезетін. Содан кейін есінен танып, бірнеше сағатқа, кейде тіпті 6-7 күн бойы оянбай ұйықтап жататын. Ұйқыдан тұрған соң адамдар өмірінде не болғанын мүлде есіне түсіре алмаған. Кейбірі елес көргенін айтып, біраз уақыт бойы өзін түсінбей, абдырап жүретін. Бұл жұмбақ ұйқымен отбасы мүшесінің біреуі ауырса, ол оянған соң келесі адам ұйқыға кететін. 

Оянғаннан кейін адамдар бірден қалыпқа келе алмады. Ұзақ уақыт бойы өздерін әлсіз сезініп, мазасызданып, ашуланшақ болып жүрді. Балалар тіпті өзін дұрыс ұстай алмай, қайда екенін түсінбей абдырап қалатын. Сол себепті оларға зиян келмес үшін жанындағылар бақылауды күшейтті. Бұл жағдай жай ғана шаршаудан емес, миға байланысты күрделі дерт екенін аңғартты.


Алғашында дәрігерлер мұны көктемде адамның бойындағы иммунитеттің әлсіреуінен деп топшаласа, кейін тұрғындардың бірінен соң бірі ұзақ ұйқыға кетуіне алаңдай бастады. Сол кезде, жұмбақ дерттің себебін анықтауда дәрменсіздік танытқан дәрігерлер науқастарға "ұйқы ауруы" яғни, (этиологиясы беймәлім энцефалопатия) деген диагноз қоюмен шектелді. Ал, тұрғындар ауылды дендеп бара жатқан түсініксіз құбылыс сол маңдағы ескі уран шахталарынан шығып жатқан радиацияның әсер етуі мүмкін деп шулады. 

Калачи ауылына дәрігерлер, ғалымдар мен журналистер келді. Бірақ ешкім бұл жағдайдың нақты себебін түсіндіре алмады. 2014 жылдың соңы мен 2015 жылдың басында жағдай тіпті қиындай түсті. Сол себепті Калачиді "ұйқылы ауыл" деп атай бастады. Ақыры билік тұрғындарды басқа жерге көшіру туралы шешім қабылдады.

Ауыл адамдары бірінен соң бірі ұйқыға кетуіне не себеп болды?

Бастапқыда түрлі болжамдар тарады. Радиация, ластанған су, вирус, тіпті мистика туралы әңгімелер болды. Кейбіреулер ауылды "қарғыс атқан жер" деп атады. Бірақ ғылым аңызға емес, дерекке сүйенеді.

Фото: Видеодан скрин

Cовет үкіметі тұсында Калачи ауылына жақын маңда уран өндірілген. Аурудың төркінін қараусыз қалған шахталардан "бөлінген" радиоактивті радон газынан бастап, пештен шыққан түтінмен бірге ауаға тарайтын көмірқышқыл газымен байланыстырған түрлі болжам айтылды. Көп жылғы зерттеуден кейін жоғарыда айтылған болжамның ешбірі дәлелденген жоқ.
Фото: Видеодан скрин

Дәрігерлер де нақты диагноз қоюға тырысып, соңында Калачи тұрғындарының арасында тараған "ұйқы дерті" ауадағы оттегі мөлшерінің аздығынан басталған "белгісіз генезден туған энцефалопатия" деген қорытындыға келген. Ғылымға "ұйқы дертіне" ұқсайтын белгілері бар "летаргиялық энцефалит" деп аталатын ауру жақсы таныс. Бұл ауру кезінде де науқастар бірнеше тәулік бойы ұйықтап, әлсіздік басып, сандырақтап, жан-жағын дұрыс бағдарлай алмау сияқты белгілер байқалады. Бірақ ғалымдар арасында әлі күнге летаргиялық энцефалиттің пайда болу себебі туралы ортақ пікір жоқ.

Тұрғындар сұхбат беруден әлі де қашады. 

Жергілікті халықтың айтуынша, олар көп жылдан бері журналистер мен зерттеушілердің назарында болғандықтан, бұл тақырып туралы қайта-қайта айтудан шаршаған

Біз сөйлесе алмаймыз, айтарымыз жоқ. Бірнеше жыл бұрын ауылда не болғанын өзіміз де білмейміз. Мен осы жерде әлі де тұрамын. Үйімді тастап кете алмаймын. Бірақ балаларымның денсаулығына алаңдаймын. Бұл жұмбақтың шешімі табылмағандықтан, қайталанама деген үрей де бар”, – дейді ауыл тұрғындарының бірі қысқа ғана жауап беріп.

Калачидегі "ұйқы дерті" қалай кенеттен басталса, 2016 жылы дәл солай сап тыйылған. Адамдар ұзақ ұйқыдан арылғанымен, ауылдың мәселелері азайған жоқ. Билік өкілдері "ауылдың болашағы жоқ" деп, тұрғындарды басқа жаққа көшіру бағдарламасын жариялаған. Халықтың біраз бөлігі үкімет ұсынған өтемақыға келісіп, аудан орталығы Есіл қаласы мен Державинск ауылындағы Калачи тұрғындарына арнап салынған жаңа пәтерге көшкен, кей тұрғын үйін тастап, өз қаржысына басқа жерге қоныс аударған. Бірақ билік ұсынған өтемақыға көңілі толмаған, басқа барар жері жоқ адамдар ауылда қалып қойған.

Фото: Tengrinews.kz / Роман Павлов

Бұрын мұнда халық абыр сабыр боп, қызу тіршілік болып жатса, қазір тыныштық. Калачи ауылының тұрғындары қазір ұйықтамайды. Бірақ ауыл мәңгілік ұйқыға кеткендей. Бұрын қоғамда резонанс болып, журналист, ғалым, саясаткерлердің назары осында болатын. Бүгінде бұл ауылда болған жағдай, жауабы жоқ сұраққа айналғандай. Тек 2020 жылы Назарбаев Университетінің ғалымдар “ұйқы ауруының” себебі радиация деген халықаралық комиссияның қорытындысын жоққа шығарды. Сонымен қатар олар кең таралған болжамдар тізімінен бактериялық менингитті, генетикалық ауруларды және көмірқышқыл газымен улануды да алып тастады. Тұрғындардан сұрау барысында ғалымдар олардың барлығы суды бір ғана көзден алатынын анықтаған. Су ауыл тұрғындарының біріне тиесілі жерасты сорғысы арқылы шығарылады. Калачи ауылы тұрғындарының барлығы ауызсуды сол адамнан сатып алады. Ал үй жануарлары өзендегі суды ішеді. Айта кетерлігі, ауылдағы жануарлар “ұйқы ауруымен” ауырмаған.

“Бір ғана жағдай болды, бір әйел мысығының әдеттен тыс ұзақ ұйықтайтынын айтты. Білесіздер ме? Бұл дәл сол сорғыдан су ішкен үй мысығы еді”, – деді эпидемиолог Байрон Крэйп.

Ішетін судың “улануы” туралы теория зерттеушілердің көптеген сұрақтарына жауап берген соң, Назарбаев Университетінің тобы судағы химиялық улану мәселесін зерттеді. Олар ластанудың ең ықтимал көзі ретінде жақын маңдағы уран кеніштерін атады.

“Адамдар ол жерге қандай да бір химиялық заттарды төккен болуы мүмкін, себебі кеніштер 1980-жылдардың соңынан бері қараусыз қалған. Мен эпидемиологпын, химия зауытында да, әскери зауытта да жұмыс істемеймін, бірақ адамдардың өмірін сақтап қалуға тырысамын. Интернеттегі қолжетімді ақпаратты пайдалана отырып, біз Павлодар химиялық заттар әзірленген орындардың бірі болғанын анықтадық. Ал бұл химиялық заттар неде сақталды? Көбіне олар арнайы бөшкелерде сақталады. Төменде, ылғал көп жерде бөшкенің төменгі қабаты тот басып, аға бастайды. Химиялық зат суға сіңеді, ал егер бұл жерасты суы болса, ақырында ауыл тұрғындарына жетеді. Неліктен кейбір адамдар жиі және бірнеше рет ұйықтап қалады, ал басқалары сирек? Мүмкін, кейбірі химиялық заттың жоғары концентрациясын алады, ал басқалары аз мөлшерін алатын шығар?” – деп болжады профессор.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, ең өкініштісі Kалачида нақты не болғаны әлі анықталған жоқ. Әркім өз пікірін айтады, бірақ ешбір болжам толық дәлелденбеген. Себебі белгісіз болғандықтан, мұндай жағдай қайталануы мүмкін деп қорқады. Сондықтан көптеген адамдар балаларын және өз денсаулығын ойлап, ауылдан кетуге мәжбүр болды. Кейбірі мәжбүрлеп көшірілгендерін айтады. Болашақта ғалымдар бұл құпияны ашуы мүмкін немесе жабулы қазан жабық күйінде қалуы да ғажап емес.

Толығырақ Stan.kz YouTube арнасынан көріңіздер!

 


 

 

 

STAN.KZ
Дүйсенбі, 23 Ақпан, 2026 17:45