Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әкім Сыздықбековке қарсы жала жап деп талап етті": Берденовке қастандық жасады деп айыпталған күдікті сотта мәлімдеме жасады

Фото: Шымкент әкімдігі / Ғабит Сыздықбеков пен Руслан Берденов

Руслан Берденовке қастандық жасады деген айыппен сотқа тартылып жатқан "Тұрғын үй Шымкент" ЖШС-ның бұрынғы директоры Ернар Жиембай Шымкент қаласы әкімінің орынбасарына қатысты сот залында күтпеген мәлімдеме жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Күдіктінің айтуынша, жәбірленуші Берденов одан қазіргі қала әкімі Ғабит Сыздыкбековке жала жауып, оны тапсырыс беруші ретінде көрсетуін талап еткен. 

"Берденов маған "Егер сотта сені жалдамалы кісі өлтіруші ретінде Сыздықбеков жұмсады деп айтсаң, мен сені кешіремін" деді", – деді Жиембай 6 тамызда өткен сот отырысында.

"Жұмыстан шығарылғаны үшін кек алған": Руслан Берденовке шабуыл жасаған күдіктінің оқ атуына не себеп болғаны айтылды


Руслан Берденов Respublica партиясының тең төрағасы қызметінен кетті


Еске салайық, Берденовке қастандық 21 сәуір кешке жасалған еді. Шенеунік оқ жарақатымен ауруханаға түсті. Алдын ала мәлімет бойынша оған оқ атқан адам Шымкент әкімдігіне қарасты серіктестік қызметкері. Қылмыстық іс қозғалып, күдікті ұсталған. Алғашқыда бұл оқиғаға қызғаныш немесе әдепсіз қылық себеп болуы мүмкін деген болжам айтылған еді. Алайда Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері басқармасының басшысы Әйгерім Жұмақұлова бұл нұсқаны жоққа шығаруға асықты.

12 мамырда Берденовтің сауығып, ауруханадан шығуға дайындалып жатқаны хабарланған. 25 маусымда тергеу ісі аяқталғаны белгілі болды.

Ал 6 тамыз күні сотта Жиембай бұл әрекетке қызғанышпен барғанын мәлімдеді. Осылайша бастапқыда тараған қызғаныш немесе әдепсіз қарым-қатынас мәселесі рас болуы мүмкін екенін жанама түрде растады.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 06 Тамыз, 2025 13:54
Талқылау
`