"Ақылға сыймайтын нәрсе": Тоқаев Қазақстанға түрлі лақап ат қоятын депутаттар мен "қоғам белсенділерін" сынады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында елді мазақ қылуға әуестенетін азаматтарды сынға алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Ақорда
Президенттің сөзінше, мәжбүрлеу шаралары болмаса, елде тәртіп орнату мүмкін емес.
“Ол үшін кез келген құқық бұзушылыққа "мүлдем төзбеушілік" қағидасын берік ұстану қажет. Бұл бағыттағы жұмыстар барлық деңгейде ұйымдастырылуы керек. Мұны, әсіресе, аймақ әкімдері мықтап қолға алғаны жөн. Бірақ шектеулер мен айыппұлдарға қатысты мемлекеттің де, қоғам белсенділерінің де ұстанымы көңілге қонымды болуға тиіс. Мәжбүрлеу шаралары болмаса, тәртіп орнату мүмкін емес екенін әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр. Сондықтан мемлекеттің іс-әрекеттеріне түсіністікпен қараған жөн”, – деді ол.
Сондықтан Тоқаев бұл орайда диалог арқылы қоғамдық келісімге келу керек дейді.
“Қалай десек те, мемлекет заң тәртібін қамтамасыз ету үшін қабылдайтын шаралар өз елін күстәналауға себеп болмауға тиіс. Кейбір азаматтар елімізді мазақ қылуға әуестеніп барады. Мысалы, өзге елдердің өкілдері жоқ жерден "керемет жетістіктерді, табыстарды" тауып алып, оны шетелге жан-жақты насихаттап жатады. Ал біздің азаматтар, олардың ішінде шоу-бизнес өкілдері, өзін өзі "қоғам белсендісі" санайтын жастар, тіпті, депутаттар да бар, Қазақстанға неше түрлі лақап ат қоятын болды. Бұл енді мүлдем түсініксіз, ақылға сыймайтын нәрсе", – деп жеткізді ол.