Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақау шыққан: Алматы-Анталия бағытындағы ұшақ Ақтауға шұғыл қонды

Алматыдан Анталияға ұшқан Air Astana ұшағы ақауына байланысты Ақтауға шұғыл қонды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: airastana.com

8 қаңтарда Алматыдан Анталияға ұшқан Air Astana әуе компаниясының KC915 рейсі Ақтау әуежайына шұғыл түрде қонды.

Air Astana әуе компаниясының мәліметінше, Airbus A321 ұшағы Алматыдан сағат 08:35-те ұшқан. Алайда ұшақтың жанармай жүйесінде ақау анықталғандықтан, экипаж жоспардан тыс қонуға шешім қабылдаған.



Зардап шеккендер жоқ. Қажет қосалқы бөлшектердің Алматыдан жеткізілетіне байланысты рейс 9 қаңтарға шегерілді.

Әуекомпания рейстегі жолаушылардың тамақпен және жатын орынмен қамтамасыз етілетінін атап өтті. Анталияда рейсін күтіп отырған жолаушылар үшін де осындай шаралар қабылданған.

Еске салсақ, 25 желтоқсанда Әзірбайжан әуе жолдары компаниясына тиесілі Embraer E190AR ұшағы Ақтау қаласындағы әуежай маңында апатқа ұшыраған еді. Бортта 67 адам болған. Оның 38-і қаза тауып, 29 адам аман қалды. Euronews, Reuters сияқты әлемдік басылымдарда Ақтаудағы ұшақ апатына ресейлік зымыран себеп болғаны туралы ақпарат жарияланды. Ақпаратты Әзірбайжан үкіметіндегі дереккөздер растаған.

28 желтоқсанда Владимир Путин Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиевке телефон соғып, 25 желтоқсанда Ақтау маңында Әзірбайжан әуе жолдарының жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауына байланысты кешірім сұрады.

Талқылау