Air Astana әуе компаниясына қатысты тағы бір жанжал: 10 жасар қазақстандық бала Түркия әуежайында екі күн бойы жалғыз қалып қойған
Астаналық құқық қорғаушы Данильхан Шағатаев желідегі парақшасында Air Astana әуе компаниясының кінәсінен 10 жасар бала бөтен елде жалғыз қалып қойғанын жазды. Оның айтуынша, компания кәмелетке толмағандарды алып жүру қызметіне жауапты болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Данильхан Шағатаев желідегі парақшасынан
Данильхан Шағатаев желідегі парақшасында 21 желтоқсанда 10 жасар бала Алматы-Анталия бағыты бойынша КС 915 рейсімен футбол жаттығуларына команда құрамында ұшып шыққанын жазды. Бала үшін Air Astana әуе компаниясының кәмелетке толмағандарды алып жүру қызметі жауапты болған.
"Тіркеуден өту, тексеруден және ұшаққа отырғызу кезінде баланың мойнында арнайы сөмкеде барлық қажет құжаттары болған. Түркияға келгенде бала өзінің төлқұжатының жоқ екенін байқап, бұл туралы "Эйр Астана" қызметкеріне хабарлаған, бірақ төлқұжатты табу мүмкін болмады. Осылайша бала төлқұжаты болмағандықтан Түркияның шекаралық бақылауынан өте алмай, депортация бөлмесіне орналастырылды. 2024 жылдың 21 желтоқсанынан 23 желтоқсанына дейін бала осы бөлмеде "Эйр Астана" өкілдерінің қатысуынсыз жалғыз болды. Баланы қараусыз қалдырып кеткен. Бұл уақытта оны күтіп алуға келген жақындары балаға жете алмады. Себебі бала транзиттік аймақта болғандықтан ол жерге бөтен адамдарды кіргізбейді", – деп жазды адвокат.
Адвокаттың айтуынша, осы уақыт бойы небәрі он жасар бала жылап, неге мұндай жағдайға тап болғанын түсінбеді. Оны бірнеше рет сұрақ-жауапқа шақырған.
"Алайда бала шетел тілдерін білмей, шекаралық бақылау қызметкерлерінің, полиция мен әуежай қызметкерлерінің сөзін түсінбегендіктен мәселе туындаған. Авиакомпания тарапынан баланың мүддесін қорғау үшін ешқандай көмек көрсетілген жоқ. Баланың анасы онымен байланыста болды, бірақ баланың кішкентай болуына байланысты ол неге жалғыз қалғанын және неге авиакомпания өкілдері оған көмектеспейтінін толық түсіндіре алмады. Баланың анасы және біз Генералды консулдықтың өкілдерімен байланысқа шығып, тек екі тәуліктен кейін ғана балаға Қазақстанға оралуға уақытша құжат рәсімделді", – деді Данильхан Шағатаев.
Авиакомпания 10 жасар жолаушымен болған оқиғаға қатысты түсініктеме берді. Air Astana өкілдері өздерінің ресми мәлімдемесінде "ата-ана мен баланың стресс жағдайына тап болғанына" өкініш білдірді. Алайда компания бұл жағдай үшін жауапкершілікті мойнына алудан бас тартты.
"Жолаушы өзінде елдің аумағына кіру, шығу немесе транзитпен өту заңдары мен ережелеріне сәйкес виза, кіріс және шығыс құжаттарының бар болуына толықтай жауапты екенін атап өтеміз. Авиакомпания қызметкерлері баланың болған орындарын, ұшақтағы алдыңғы орынның қалтасын және терминалды тексергенімен, төлқұжат табылмады. Паспорттық бақылаудан өту мүмкін болмағандықтан, жолаушы 23 желтоқсандағы ең жақын рейспен депортацияланды", – делінген хабарламада.
Сонымен қатар депортация бөлмесінде балаға үш мезгіл тамақ берілгені және авиакомпания қызметкерлері "жолаушының жағдайын бақылап, оның қалауы немесе өтініші бар-жоғын тексеріп отырғанын" айтты.