Әйелі қаза тауып, ұлы көзінен айырылған: Семей тұрғыны апатқа кінәлі адамды полиция қорғап отырғанын айтты (видео)

Абай облысында жантүршігерлік жол апатынан әйел қаза тауып, оның кішкентай ұлы ауыр жарақат алып, мүгедек болып қалған. Жағдайды марқұмның күйеуі әрі баланың әкесі желіде мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Облыс тұрғыны Ержан Серіков әлеуметтік желіде отбасының басына түскен қайғылы жағдай туралы баяндады. Оның сөзінше, былтыр қазан айында Семей – Өскемен тасжолында жол апаты болған. Салдарынан жұбайы қаза тауып, екі жасар ұлы бір көзінен айырылған.
Ержан апатқа КамАЗ жүргізушісін кінәлайды. Себебі, ол жүргізуші куәлігінсіз рөлге отырып, тіркемесімен жолды жауып қалған. Осылайша қарсы бағытта келе жатқан көлікке кедергі келтірген. Салдарынан жеңіл көлік КамАЗ-ға соғысқан.
Апатқа кінәлі жүргізуші сотталғанымен, жәбірленуші үкімді тым жеңіл деп санайды. Себебі жүргізушіге бар болғаны 2 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.
Ал жүк көлігінің иесі, яғни жүргізуші куәлігі жоқ адамды рейске жіберген тұлға іске тек куәгер ретінде ғана тіркелген. Ешқандай жауапкершілікке тартылмаған.
Алматыдағы резонансты жол апаты: ZEEKR жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамалды
ОқыңызЕржанның айтуынша, бұл алғашқы жағдай емес. Бұған дейін де осы көліктің жүргізушілері куәліксіз әрі сақтандырусыз жолға шыққан.
Серіковтың сөзінше, Жаңа Семей ауданының тергеушілері жүк көлігі иесін жауапкершіліктен әдейі алып шығуға тырысып отыр. Себебі олар істі екі рет жапқан.
“Алғаш рет сот олардың шешімін заңсыз деп таныды. Судья істегі материалдардың бар болғаны 56 бет екенін көріп таңғалды. Себебі ешқандай нақты жұмыс жүргізілмеген. Іс облыс прокурорының бақылауында болады деп уәде берген. Бірақ 14 наурызда “бақылауда” деп жауап беріп, 15 наурызда тергеуші істі қайтадан қылмыс құрамы жоқ деп жауып тастады. Екінші рет жабылғанын мен тек 11 күннен кейін білдім. Прокуратура жүк көлігі иесін қорғап отырған сияқты”, – дейді жәбірленуші.
Ер адам қазір мемлекет басшысына, Бас прокурорға және Ішкі істер министріне жүгініп, көмек сұрап отыр. Cонымен қатар ол істі Ішкі істер министрлігінің тергеу департаментіне беруді сұрады.
Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Абай облысы полиция департаментінен мән-жайды сұрады. Полиция мәліметінше, жүк көлігінің иесіне қатысты сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.
“Іс материалдарына сәйкес, жүргізушінің көлік басқаруға құқығы болмаған. Ол жүк көлігін басқара алмай, тіркемені қарсы жолаққа шығарып алған. Көлікті тоқтатқан соң апат болғанын ескертетін белгі қоймаған. Соның салдарынан жеңіл көлікпен соқтығысқан. Сот үкімімен оған 2,5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ал “КамАЗ” иесіне қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр”, – делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыда болған жол апатында бірнеше адам қаза тапты. Кейін апатқа кінәлі жүргізушінің Zeekr көлігін басқарғаны және жеңіл дәрежеде мас болғаны анықталды. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, күдікті қамауға алынды. Тергеу аясында бірқатар заң бұзушылықтар анықталып, полиция департаментінің бірнеше жоғары лауазымды қызметкері қызметінен босатылды.
Дегенмен қоғамда резонанс тудырған істен соң Ішкі істер министрлігі Ержан Сәденов лауазымы, байланыстарына қарамай кінәлілер жазадан құтыла алмайтынын мәлімдеді.
"Көмектесіңіз мен оны танымаймын деп жылады": Алматы облысында бейтаныс ер адам кішкентай баланы ұрламақ болған