Ағзалары зақымданып, ішегі алынды: Перзентхана дәрігерлері 9 ай бұрын алматылық әйелдің ішінде дәке ұмытып кеткен
Фото: Видеодан скрин
Алматыда әйелдің іш қуысына дәрігерлердің дәке қалдырып кеткені анықталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жәбірленушінің мүддесін қорғап жүрген заңгер Анна Чернованың айтуынша, әйел 2023 жылдың тамызында Алматыдағы №2 перзентханада үшінші баласын кесарь тілігі арқылы дүниеге әкелген. Отадан кейін-ақ науқас қатты ауырсынуға шағымданып, ультрадыбыстық зерттеуді мұқият тексеруді сұраған. Алайда дәрігерлер тексеруді үстірт қарап, "бәрі дұрыс" деп үйіне шығарып жіберген.
Келесі 9 ай бойы әйел қатты ауырып жүрген. Дұрыс ұйықтай алмаған, тамақ іше алмаған, қимылдауы қиындаған, жаңа туған сәбиін қолына көтере алмаған. Ауырсыну күшейе түскен. Ол бірнеше жекеменшік клиникаға жүгініп, ондаған тексеруден өткен, көп қаржы жұмсаған. Бірақ нақты диагноз қойылмай, себебі анықталмаған.
Тек 2025 жылдың мамырында жүргізілген компьютерлік томография зерттеуі жамбас қуысында бөгде түзілістің барын көрсеткен. Алғашында ол ісік болуы мүмкін деп күдіктенген дәрігерлер науқасты шұғыл түрде ауруханаға жатқызған. 3 маусым күні жасалған шұғыл операция кезінде дәрігерлер әйелдің ішінен кесарь тілігі кезінде ұмытылып кеткен дәке (марлевая салфетка) табылған. Ол 9 ай бойы әйелдің ішінде қалып, іріңді қабынуға, перитонитке және ішкі ағзалардың бұзылуына әкеп соққан. Соның салдарынан ішектің бір бөлігін алып тастауға тура келген.
Заңгердің айтуынша, жәбірленуші енді кінәлі тұлғаларды жауапқа тарту үшін сотқа жүгінбек. Әйелді ұзақ оңалту мен қалпына келтіру кезеңі күтіп тұр. Қазір ол калоприемникпен (Нәжіс жинағыш құрылғы) өмір сүруге мәжбүр және ішекті қалпына келтіруге бағытталған тағы бір операцияны күтіп отыр. Дәрігерлер оның толық қалпына келетініне ешқандай кепілдік бермей отыр. Олардың айтуынша, егер бұл зат тағы бір аптада алынбағанда, әйелдің өмірін сақтап қалу мүмкін болмас еді.
“Ота жеті сағатқа созылды. Операцияға төрт хирург қатысты”, – деді ол.
Заңгердің айтуынша, дәрігерлер бір апта кешіккенде, әйелді құтқарып қалу мүмкін болмайтынын мойындаған.
"Қазір ол калоприемникпен өмір сүріп жатыр және ішегін қалпына келтіруге бағытталған тағы бір күрделі операцияны күтіп жүр. Бірақ бұл операцияны организм толықтай қалыпқа келіп, оңалтудан өткен соң, яғни бір жарым жылдан кейін ғана жасауға болады. Осы уақыт бойы әйел сыртқы стомамен, шектеулермен, ауырсынумен және жайсыздықпен өмір сүреді. Бұл – тағы бір жарым жылдық азап, белгісіздік пен үміт күту. Дәрігерлер оның толыққанды өмірге оралуына кепілдік бермейді", – деді Чернова.
Алматы қоғамдық денсаулық басқармасы бұл жағдай бойынша денсаулық сақтау министрлігінің медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне тексеріс жүргізу туралы өтініш жолданғанын хабарлады.
"Тексеру қорытындысы бойынша ресми түсініктемелер беріледі және қолданыстағы заңнама аясында тиісті шаралар қабылданады", – делінген басқарма хабарламасында.
"Денесінен 1,5 литр ірің шыққан": Пластикалық ота жасатқан алматылық әйел өлім аузынан қалды
Еске салайық, бұған дейін Қарағанды облыстық клиникалық ауруханасында ота жасалғаннан кейін науқастың денесінен медициналық ине табылды. 14 сәуірде оң жақ бүйірінің ауырғанына байланысты ауруханаға жүгінген Алик Сағынға плеврит деген күдікпен 15 сәуірде ота жасалды. 9 сағатқа созылған операциядан кейін ол физиотерапия орталығына жіберілген. Онда жүргізілген рентген кезінде оң жақ кеудесінен ине табылып, 19 сәуірде қайтадан ота жасалып, ине алынған. Отадан кейін жағдайы күрт нашарлап, еңбекке жарамсыз қалған науқасқа аурухана тарапынан көмек көрсетілмеген.

"Құс үркітіп сағатына 8 200 теңге таптым": Англияда жүріп 1 миллионнан аса айлық алатын қазақстандық жұмысы туралы айтып берді
