Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Аға, бәрін реттеймін": Таиланд премьер-министрінің таралып кеткен құпия телефон әңгімесі үкіметке қауіп төндірді

Фото: Roc Meta/Keystone Press Agency/Global Look Press

Таиланд премьер-министрі Пхэтхонгтхан Чиннават бұрынғы ықпалды камбоджалық көшбасшымен жүргізілген 17 минуттық телефон әңгімесінің интернетке таралуынан кейін отставкаға кетуі тиіс деген қысымға ұшырады. Таиландта бірінші рет болып отырған жоқ, дегенмен елдегі ондаған жылдарға созылған саяси тұрақсыздық пен үкіметтің жиі ауысуы аясында жаңа белгісіздіктер туындатып отыр.  Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Мk.ru порталына сілтеме жасап хабарлайды.

38 жастағы Пхэтхонгтхан Чиннават премьер-министр қызметіне небәрі он ай бұрын келген. Ол бұл қызметке бұрынғы премьер-министр Сеттха Тхависиннің орнынан алынуынан кейін тағайындалған еді.

Таиланд бұл дағдарысқа экономиканың әлсіздігін еңсеруге талпынып, АҚШ-пен сауда келіссөздерін жүргізіп жатқан және Камбоджамен ушығып бара жатқан шекаралық дауға тартылып жатқан қиын кезеңде тап болды. Осы дауға байланысты көршілес елдер арасындағы қарым-қатынас соңғы жылдардағы ең төменгі деңгейге түсті.

19 маусымда Пхэтхонгтхан таиланд халқынан кешірім сұрап, елдің Сыртқы істер министрлігі Камбоджа елшісін шақырып, жеке телефон әңгімесінің жария болуын "дипломатиялық әдепті бұзу" деп атаған наразылық нотасын тапсырды.

Камбоджаның бұрынғы премьер-министрі Хун Сен әлеуметтік желідегі жазбасында бұл жазбаны шамамен 80 камбоджалық шенеунікке жібергенін мойындап, олардың біреуі аудионы жариялап жіберуі мүмкін екенін айтты. 72 жастағы саяси ардагер кейін осы 17 минуттық телефон әңгімесінің толық нұсқасын өзі жариялады.

15 маусымда болған бұл әңгімеде Пхэтхонгтхан бұрынғы камбоджалық көшбасшыны "аға" деп атағаны естіледі. Сондай-ақ ол Таиланд пен Камбоджа шекарасындағы қақтығыстан кейін камбоджалық сарбаздың қаза табуына байланысты өз елінің армиясын сынағаны байқалады.

Өткен жылы Таиланд тарихындағы ең жас премьер-министр атанған Пхэтхонгтхан бұл әңгіме арқылы байқамай, өз үкіметі мен ел армиясының арасында келіспеушіліктер бар екенін жұртшылыққа байқатып қойды.

Әңгіме барысында Таиланд премьер-министрінің Хун Сенге ел ішінде қысым көріп жатқанын айтып, оны "қарсы тараптың" сөзіне құлақ аспауға шақырғаны естіледі. Бұл жерде ол Корольдіктің солтүстік-шығысындағы тай армиясының қолбасшысын меңзеген.

Сондай-ақ, премьер-министр "Егер сізге бір нәрсе керек болса, маған жай ғана айтыңыз, мен бәрін реттеймін" деп айтқан.

Аудиожазбаның шынайылығын екі тарап та растады. Жазбадағы бұл сөздер таиландтықтардың намысына тиді. Премьер-министрдің қарсыластары оны елдің ұлттық мүддесіне нұқсан келтірді деп айыптады. Сәрсенбі күні премьердің басты одақтасы болған Bhumjaithai партиясы үкімет коалициясынан шығып, оның Pheu Thai партиясының билікті ұстап тұруына үлкен соққы жасады.

Саяси сарапшылар Пхэтхонгтхан Чиннаваттың қызметтен кетуі уақыт еншісіндегі мәселе деп есептейді. Чулалонгкорн университетінің саясаттану профессоры Титинан Понгсудхирактың пікірінше, оған болашақта қосымша айыптар тағылып, жауапқа тартылуы да мүмкін.

Шекаралық даудың шешілуі қос елде де ұлтшылдық көңіл-күйді күшейтті. Таиландта консервативті күштер Пхэтхонгтханды сотқа тартуға және отставкаға кетуге шақырса, көрші Камбоджада өткен аптада мыңдаған адам үкімет пен әскерге қолдау білдіру мақсатында билік ұйымдастырған митингіге қатысты.

Сәрсенбі күні Таиланд премьері Хун Сенге айтқан сөздерінің маңызын төмендетуге тырысып, баспасөз конференциясында бұл қоңырау "екі ел арасындағы шиеленісті азайтуға" бағытталғанын және "жеке сипатқа ие болғандықтан жария болмауы керек еді" деп мәлімдеді. Премьер-министр бұл сөздерін "келіссөз жүргізу тактикасы" деп сипаттап, оларды "адалдықтың белгісі" ретінде қабылдамау керек екенін айтты.


"Төзіміміз таусылуға жақын": Трамп Иранды толық әрі шартсыз берілуге шақырып, ескерту жасады


Астанада хаттамалардың орындалуы туралы шулы аудиодан кейін полицей жұмыстан қуылды


Еске салайық, бұған дейін Алматыда полиция басқармасының басшысы балағат айтылған аудиосынан кейін қызметінен босатылғанын жазған едік. Алматы полиция департаменті бұл оқиғаға байланысты қызметтік тексеріс жүргізіліп жатқанын хабарлады. Тексеру аяқталғанға дейін Мендебаев уақытша қызметінен шеттетілген. Егер оның тәртіп бұзғаны расталса, қатаң шаралар қабылданатыны айтылды.

Айым Атамбаева
Сенбі, 21 Маусым, 2025 12:55
Талқылау