Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Африкадан келген қазақстандық әйелден қауіпті безгек анықталды

Африкадан келген қазақстандық әйелден қауіпті безгек анықталдыФото: Ru.freepik.com

Қазақстанда шетелден жұқтырып әкелген безгек түрі тіркелді. Соңғы бес жыл ішінде елде сырттан келген безгектің 13 жағдайы анықталған, олардың басым бөлігі тропикалық түріне жатады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының мәліметінше, соңғы жағдай биыл наурыз айында Алматыда Африкадан оралған әйелден анықталған.

“Эпидемиологиялық зерттеулер деректері көрсеткендей, тіркелген барлық жағдайларда науқастар безгек таралған елдерге сапар алдында химиопрофилактика жүргізбеген. Химиопрофилактика – бұл безгекке қарсы арнайы дәрілерді дәрігердің тағайындауымен қабылдау. Ол қауіпті аймақтарға барар алдында, сол елде болған кезде және қайтып келгеннен кейін белгілі бір уақыт бойы жүргізіледі. Бұл шара ауру жұқтырған маса шаққан жағдайда да аурудың дамуын болдырмайды”, – дейді мамандар.

Ведомстоның мәліметінше, халықаралық туризмнің қарқынды дамуы және еңбек көші-қонының артқандықтан Қазақстанға тропикалық паразиттік ауруларды әкелу қаупі сақталып отыр. Сонымен қатар безгек ең қауіпті инфекциялардың бірі болып қала береді: дер кезінде анықталмаса және емделмесе, ауру ауыр асқынып, адам өліп кетуі мүмкін.

Паразиттік аурулардың сырттан әкеліну ықтималдығы бірнеше себепке байланысты:

  • Халықаралық туризмнің белсенді дамуы;

  • Еңбек көші-қонының артуы, оның ішінде эндемиялық елдерден келетін маусымдық жұмысшылар санының көбеюі;

  • Халықаралық экономикалық және көлік байланыстарының кеңеюі;

  • Климаттың өзгеруі, бұл экзотикалық қоздырғыштар мен инфекция тасымалдаушыларының өмір сүруіне және бейімделуіне қолайлы жағдай туғызады;

  • Халық пен медицина қызметкерлерінің тропикалық инфекциялардан сақтану шараларының төмендігі, бұл ауруды кеш анықтау қаупін арттырады.

Қазақстан халқының арасында арнайы иммунитеттің болмауы да өте қауіпті. Мұндай жағдайда сырттан келген бір жағдайдың өзі сырқаттың ауыр өтуіне жеткілікті.

Жұқтыру қаупі ең жоғары аймақтар

Паразиттік аурулар бойынша ең қауіпті өңірлер:

  • Африка елдері;

  • Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері;

  • Латын Америкасының бірқатар елдері.

Дәл осы аймақтарда безгек, ішек паразитоздары және басқа да тропикалық инфекцияларды жұқтыру қаупі жоғары.

Сапар алдында не істеу керек

Тропикалық климаты бар елдерге барар алдында:

  • Баратын елдегі эпидемиологиялық жағдаймен алдын ала танысу;

  • Алдын алу шараларын, қауіпсіз тамақтану және табиғи аймақтарда (джунгли, ұлттық парктер, су айдындары) өзін ұстау ережелерін білу;

  • Безгек таралған елдерге сапар кезінде міндетті түрде дәрігердің тағайындауымен химиопрофилактикадан өту.

Ішек паразитоздарынан қалай сақтануға болады

Сапар барысында қарапайым ережелерді сақтау маңызды:

  • Тек қайнатылған немесе бөтелкедегі суды ішу;

  • Шикі көкөністер мен жемістерден, сондай-ақ толық піспеген ет пен балықтан бас тарту;

  • Шикі сүт өнімдерін тұтынбау;

  • Тоқыраған су айдындарында, күріш алқаптарында және суару арналары маңында шомылудан және жұмыс істеуден аулақ болу.

Жәндіктерден қорғану

Көптеген тропикалық инфекциялар жәндіктер арқылы жұғады. Қауіпті азайту үшін:

  • Масаға қарсы торлар мен репелленттерді қолдану;

  • Жабық киім кию;

  • Инсектицидтік құралдарды пайдалану;

  • Кеміргіштерден аулақ болу.

Сондай-ақ жеке гигиенаның қарапайым ережелерін сақтау қажет:

  • Қолды, көкөністер мен жемістерді мұқият жуу;

  • Жалаңаяқ жүрмеу;

  • Жағажайда төсеніш немесе лежак пайдалану.

Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығында кейбір паразиттік аурулардың белгілері сапардан кейін бірнеше аптадан, тіпті айлардан соң да пайда болуы мүмкін екенін ескертті.

“Егер дене қызуының көтеріліп, қалтырау, әлсіздік, бас ауруы немесе ас қорыту бұзылыстары сияқты белгілер байқалса, дереу дәрігерге жүгіну қажет. Сонымен қатар, шетелге сапар жасағаныңыз туралы және жәндіктер шаққан болуы мүмкін екені жөнінде міндетті түрде хабарлау маңызды”, – деп кеңес берді мамандар.

Сапарға өзіңізбен не алу керек

  • Безгектің алдын алуға арналған дәрілер;

  • Диареяға қарсы құралдар;

  • Антисептиктер және суды залалсыздандыруға арналған құралдар;

  • Репелленттер (спрейлер, майлар);

  • Күннен қорғайтын крем;

  • Бинттер мен бактерицидті пластырь.

“Алдын алу шараларын сақтау тропикалық паразиттік ауруларды жұқтыру қаупін айтарлықтай төмендетуге және олардың Қазақстанға әкелінуінің алдын алуға мүмкіндік береді. Сапар алдында және саяхат кезінде денсаулыққа жауапкершілікпен қарау ауыр аурулардың алдын алып, денсаулықты сақтауға көмектеседі”, – деп еске салды дәрігерлер.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 18 Наурыз, 2026 08:29