"Әділетсіздікке үнсіз қалу да дұрыс емес": Футболдан Қазақстан құрамасының капитанының жары Шымкент әкімінінің сынына жауап берді
Шымкенттің "Ордабасы" клубы мен Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Асхат Тағыбергеннің жары Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбековтің сынына жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Махаббат Тағыбергеннің желідегі парақшасынан
Ұлттық құраманың капитанының жұбайы – Махаббат әлеуметтік желіде Асхат Тағыбергеннің ойын сәттері түсірілген видеоны жариялады.
Футболшының жұбайы ешкіммен жанжалдасқысы келмейтінін, бірақ әділетсіздікке де көз жұма қарамайтынын жазды. Сонымен қатар ол жанкүйерлерге қолдауы үшін алғысын білдірді.
"Оның жары ретінде мен Асхаттың футболға қосқан үлесі мен адалдығы, толықтай өзін арнауы үшін мақтанамын. Ешкіммен дауласып, жауласып жатқан жоқпын. Бірақ әділетсіздікке үнсіз қалу да дұрыс емес. Әр жанкүйерді құрметтеймін. Бірақ бір маусымға қарап, жақсы сәттерді ұмытуға болмайды. Қолдауларыңыз үшін үлкен рахмет", – деп жазды капитанның жары әлеуметтік желіде.
Айта кетейік, Ғабит Сыздықбеков 2023 жылдың 5 қыркүйегінде Шымкент әкімі болып тағайындалған. Ал бір айдан кейін "Ордабасы" өз тарихында алғаш рет ел чемпионатын жеңіп алды. Өткен маусымда команда төртінші орын алып, қола жүлдегер "Ақтөбеден" небәрі бір ұпайға қалып қойды.
34 жастағы Асхат Тағыберген Қазақстан премьер-лигасының жаңа маусымындағы екі ойында негізгі құрамда алаңға шықты. Алайда нәтижелі әрекеттерімен көзге түспеді. Бұған қарамастан, Қазақстан құрамасының бас бапкерінің міндетін атқарушы оны 23 және 26 наурызда өтетін Уэльс пен Лихтенштейнге қарсы ойындар тізіміне қосты.
Еске салайық, бұған дейін Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбеков қала тұрғындарымен кездесу кезінде ұлттық құраманың жартылай қорғаушысы Асхат Тағыбергеннің "ойнай алмайтынын" және "кеткісі келмейтінін, жай ғана отырғанын" айтқан еді. Сөйтіп Шымкент әкімі Сыздықбеков футболшының жалақысын жария етіп, оның 20 миллион теңге екенін мәлімдеді.