Әділет министрі Яндекс, Индрайвер арқылы жұмыс істейтін борышкердің жасырын табысы анықталатын ескертті
Мәжілісте өткен үкімет сағатында әділет министрі Ерлан Сәрсембаев алимент төлемдерін өндіру мәселесіне тоқталып, бұл салада заңнамаға қандай түзетулер әзірленіп жатқанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Stan.kz
Министр келтірген дерекке сүйенсек, өткен жылы 124 мыңнан астам неке тіркелсе, 61 мыңнан астам ажырасу тіркелген. Ол алимент өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттарды орындау кезіндегі негізгі проблемалар ретінде тұрақты табыстың, мүліктің болмауын, ал кейбір жағдайларда табыстарды қасақана жасыруды атап өтті.
Бұл ретте министр агрегатор-сайттар (Яндекс, Индрайвер және т.б.) арқылы жұмыс істейтін борышкердің жасырын табысы анықталатынын атап өтті.
“Қазір борышкерлердің өзге де кіріс көздерін анықтау және олардан берешектерді өндіріп алу мүмкіндіктеріне талдау жасалып жатыр: электронды әмияндар арқылы, букмекерлік компаниялардан, бағалы қағаздармен сауда биржасынан, криптовалюта операцияларынан, дропшипингтен, желілік маркетингтен, такси қызметтерінен және т.б. алынған кіріс көздері” – деп мәлімдеді Сәрсембаев.
Бұл ретте министр Конституциялық соттың нормативтік қаулысымен дара кәсіпкерлік қызметпен айналысатын адамдардан кәмелетке толмаған балаларын күтіп-бағуға алименттерді есептеу және өндіріп алу туралы заңнаманы жетілдіру мәселесін қарау ұсынылғанын еске салып өтті.
“Осы қаулыны орындау шеңберінде "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" кодекске сот дара кәсіпкерлерге алимент мөлшерін тұрақты ақша сомасында айқындауды көздейтін түзетулер әзірленді”, – деді министр.
Сондай-ақ ол қазір алимент өндіріп алуды жетілдіру мәселелері парламент сенаты қабырғасында қаралып жатқанын айтты.
“Сенатта тиісті мемлекеттік органдардың және жеке сот орындаушыларының республикалық палатасының, сондай-ақ қоғам өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобы шеңберінде көтерілетін мәселелер бойынша заңнамалық шешімдер пысықталуда”, – деді ведомство басшысы.
Осы орайда Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Снежанна Имашева жыл сайын әкелердің балалар алдындағы берешегі өсіп келе жатқанын атап өтті. Оның дерегінше, бүгінгі таңда бұл сома 18 миллиард теңгеге жеткен.

"Алдағы 10 жылда мұнай қоры таусылады": Сарапшылар "қара алтынсыз" Қазақстанның болашағы қандай боларын болжады
