Астанадағы ойын алаңында баланың табанына медициналық ине кіріп кеткен
Фото: коллаж/instagram.com/astana_brothers
Елордадағы Жәнібек Тархан көшесінде орналасқан дәмханалардың бірінің ойын алаңында баланың табанына медициналық ине кіріп кеткен. Ата-анасының айтуынша, бала енді жарты жылдай дәрігерге қаралып тұруы керек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Баланың ата-анасының әлеуметтік желіде хабарлауынша, бұл жағдай 6 шілде күні болған. Ата-анасы екі баласын ойын алаңына ақы төлеп кіргізген.
"Әлгі ойын алаңында белгісіз біреу қалдырып кеткен медициналық шприцтің майысқан инесі баламның сол жақ табанына кіріп кеткен. Баламның денсаулығын ойлап, алаңдаймын, өйткені инені әдейі тастап кеткен болуы мүмкін. Балам аяғынан жарақат алды, енді 6 ай бойы инфекционист бақылауында болады. Оқиға орнына жедел жәрдем мен полиция шақырылды. Алайда полиция әлі күнге дейін ешқандай шара қолданбай отыр", – дейді баланың ата-анасы.
Бұл жайтқа қалалық полиция департаменті өкілдері пікір білдіріп, қазір тексеру жүріп жатқанын хабарлады.
"Бұл оқиға бойынша Байқоңыр аудандық полиция бөліміне шара қолдану туралы арыз келіп түсті. Қазіргі уақытта кешенді тексеру жүргізілуде", – делінген полиция хабарламасында.
Полицейлер тексерулер қорытындысы бойынша қолданыстағы заңнама аясында шаралар қабылданатынын мәлімдеді.

Жаңа оқу жылында бір оқушыны мектепке дайындау қанша тұрады: Ата-аналар шығындарымен бөлісті
