"Адамға шабу үшін таудан түседі": Түркістан облысында ауыл тұрғындары қасқыр мен қаңғыбас иттерден қорқып күн кешіп келеді
Түркістан облысындағы Қосағаш ауылына қасқырлар мен қаңғыбас иттер шабуыл жасаған. Тұрғындардың сөзінше, ауыл көшелері жарықтандырылмаған. Электр желісі де ескіргендіктен, үйлерде жарық жиі сөнеді екен. Сондықтан тас қараңғыда мектепке баратын балалар үшін алаңдаулы. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Видеодан скриншот
Тұрғындардың сөзінше, жарық болмағандықтан өзен арқылы салынған көпірден адам да, көлік те құлап кеткен екен. Ал түнде қасқыр ұлығанда, одан әрі қорқасың дейді.
"Кейде қорыққаннан көпір арқылы бір қадам да жасай алмай қаламыз. Бұл – таулы аймақ, қасқырлар адамға шабу үшін таудан түседі. Қаңғыбас иттер де көбейіп кетті. Иттер мен қасқырлар емін-еркін жүреді. Талап кете ме деп қорқамыз", – дейді тұрғын Гүлайым Қалмырзаева.
Ал екінші ауысымнан қайтатын балалар үшін нағыз экстрим дейді. Ата-аналар барлық жұмысын тастап, балаларын күтіп алуға шығады екен. Ал электр желісі ескіргендіктен, жоғары кернеуді көтере алмайды.
"Кейде теледидар көріп отырсақ, тоғазытқыш пен басқа техниканы өшіріп қоямыз. Телефонды қуаттау үшін теледидарды өшіру керек. Осындай электр желісімен тоңазытқыш жанып кетті", – деді Назия Тұртаева.
Ал шенділер ауыл мәселесі жайлы біледі екен. Алдымен электр желісін тартуға уәде беріп отыр. Бұл үшін 267 миллион теңге керек дейді.
"Бірінші кезекте үй ішілік бағандарды, трансформаторлар мен кабельді жаңартамыз. Ала көшені жарықтандыру мәселесін әлі қарамадық. Әзірге сметалық жоба есептеліп жатыр", – деді Қазығұрт ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Тұрдалы Абдакимов.