"Адамдардың басы айналып, құсып жатыр": Шымкент тұрғындары жаппай белгісіз иістен улануда
Шымкентте жұрт жаппай белгісіз иістен уланып жатыр. Басы айналып, лоқсыған тұрғындар ауруханаға жеткізілуде. Тіпті бір мектептің мұғалімдері мен оқушылары уланып білім ордасы онлайға жіберілді. Белгілі болғандай, қала сыртындағы индустриялды аймақтан келіп жатқан кәріз жүйесіне, өндіріс ошақтарының бірінен мұнай қалдығы төгілген. Содан ауаға таралған зиянды қалдықтың көлемі 10 есеге артыпты. Қазір оқиға орнында экологтар жұмыс істеуде. Алайда тұрғындарды тұншықтырған иістің әлі басылар түрі жоқ, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "КТК" арнасына сілтеме жасап.
Шымкенттегі бұл жағдай бірнеше күннен бері жалғасып жатыр. Жағымсыз иістен тұрғындар басы айналып, құсып жатыр. 16 наурыз күні түстен кейін жағымсыз иіс көшені басып қалған. Тіпті мектеп амалсыз онлайнға көшкен, дегенмен білім ордасы кеше қайта ашылыпты. Бірақ оқушылар таңертеңнен бері жүрегі айнып құлай бастапты. Қазір улы иіс жайлаған мектеп қаңырап бос тұр.
"Үш оқушы, екі мұғалімнің басы айналды. Жедел жәрдем келіп, басқа да қызметкерлерге оттегімен көмек беріп жатыр. Жаңа зертханадан анализ алды. СЭС зертханасының талдауы дайын болмайынша, толық онлайнға көшуге мәжбүрміз", - деді №37 мектептің директоры Гаухар Байбосынова.
Халыққа қызмет көрсету орталығы кешеден бері жұмыс істемей тұр. Үшінші күн тұншығып жатқан тұрғындар улы иістің көше түгілі, үйді алып кеткенін айтады. Көпшілігі кішкентай балаларын қаланың өзге басындағы туыстарына жіберген. Мұнда жұрт жаппай жедел жәрдем шақыртуға мәжбүр.
"Құсып жатыр, тұншығып жатыр. Енді қайтеміз? Түсініксіз иіс. Тіпті түсіндіре алмаймын, көмейім бітеліп тұрғандай. Таңнан бері дексиметазонның үш құтысын алдым", - деді Шымкент қаласының тұрғыны Азиза Әбдірахманова.
Әуелде мамандар құбырдан газ кетіп жатыр деп топшылапты. Тексере келе улы иістің газ құбырынан емес, кәріз жүйесінен шығып жатқаны анықталған. Ол кәріз жүйесі қала сыртындағы индустриялық аймақтан бастау алып жатыр.
- "Бас ауруы, ұйқысыздық": Ақтөбеліктер күкіртсутегінен тұншығып жатыр
- Ауыздан шығатын жағымсыз иістің себебі белгілі болды
- Шымкент қаласына арналған 2021 жылдың ораза кестесі
Шымкент шетіндегі индустрия аймақта ұсақты-ірілі 50-ден астам кәсіпорын бар. Индустрия аймағынан шойын жол өтеді. Мамандардың есебінше, шойын жолдағы цистерналардың бірінен, не кәсіпорыннан әлдебіреу іргедегі кәріз жүйесіне мұнай қалдығын төгіп жіберген. Бірақ нақты кім екені әлі тексеріліп жатыр.
Кәріз жүйесінде ағып жатқан сарқын судың тым майлы екені көрініп тұр. Кәріз қақпағын ашсаң, улы иіске тұншығасың. Сынама алған экологтар табиғатқа орасан зиян келіп жатқанын айтады.
"Зертхана сынамаларының нәтижесінде 0,3 болуы керек, ал 14,6 көрсетіп тұр. Зияндығы 10 есе артқан", - деді Шымкент қаласы экология департаментінің бас маманы Мұхамеджан Тойшыбеков.
Ең сорақысы, химиялық қоспа кәріз құбырларымен қаланың нәжісін тазалайтын қондырғыға құйылып жатыр. Егер ол істен шықса, шайынды судағы улы газды тазалайтын бактериялар өліп, нағыз экологиялық апат болуы мүмкін.
Жұрт шулаған жерге қала әкімі де жетті. Шымкенттің шенді-шекпендісін мектеп ауласына жинаған әкім не тұрғындарды, не тілшілерді жиналысына кіргізбеген. Мұрат Әйтенов қысқа уақытта мәселе шешіледі деп сендірді.