"Адамдар аз ішетін болса, денсаулығы жақсарады": Вице-министр Амрин алкоголь сатуды шектеу ұсынына пікір білдірді
Фото: gov.kz
Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин Үкімет отырысынан кейінгі брифингте Ішкі істер министрлігінің супермаркеттер мен дүкендерде алкоголь сатуға тыйым салу жөніндегі ұсынысына пікір білдірді.Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Экономикалық әсері халықтың денсаулығына оң ықпал етеді. Адамдар аз ішетін болса, тиісінше халықтың денсаулығы да жақсарады. Жалпы, көптеген елдерде тек алкоголь өнімдерін сататын арнайы дүкендер бар. Бізде де сондай дүкендер бар. Бұл мәселе әлі талқылану үстінде, сондықтан әзірге түпкілікті шешім қабылданған жоқ. Уақыт еншісіндегі мәселе", - деді ол.
Бұған дейін Үкімет сағатында Ішкі істер министрі Ержан Саденов еліміздегі қылмыстық жағдайға әсер ететін негізгі факторлардың бірі алкогольді шамадан тыс пайдалану екенін мәлімдеп, осыған байланысты министрлік алкоголь өнімдерін онлайн сатуға тыйым салуды ұсынған болатын.
Министрдің айтуынша, кейбір кәсіпкерлер табыс табу мақсатында спирттік ішімдіктерді сату кезінде жас және уақыт шектеулерін елемейді. Мысалы, тәулік бойы жұмыс істейтін кафе мен барлардың атын жамылып сатады.
"Қазір онлайн жеткізу кеңінен қолданылады. Ал лицензиядан айыру шарасы тиімді емес, өйткені келесі күні оны басқа тұлғаға қайта рәсімдеп алуға болады", - деді Ержан Саденов Мәжілістегі Үкімет сағаты барысында.
ІІМ осыған байланысты алкоголь өнімдерін тек арнайы дүкендерде — алкомаркеттерде сатуды, лицензия беруге қойылатын талаптарды қатаңдату және олардың санын шектеуді, ойын-сауық орындарында спирттік ішімдік сату уақытын қысқартуды ұсынды.
"Мұндай орындарда мас күйінде 1400-ден астам қылмыс, соның ішінде үш кісі өлтіру фактісі тіркелген. Өкінішке қарай, кейбір мемлекеттік органдар бұл ұсыныстарды қолдап отырған жоқ. Дегенмен, біз ең алдымен азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау мүддесін басшылыққа алуымыз керек", – деді министр.

Қазақстан қалаларында қоғамдық көлікпен жүру құны қанша
