Адам үш жыл қатарынан 300 мың теңгеге жұмыс істемеуі керек – Ұлттық банк басшысы

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов елімізде жұмыс берушілер қызметкерлерінің жалақысын жеткіліксіз деңгейде көтеріп жатқанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ол бұл туралы базалық мөлшерлеме бойынша қабылданған шешімнен кейін өткен брифингте айтты.
"Жалақы өзгеріп тұруы керек. Адам үш жыл бойы 300 мың теңгемен отыра бермеуі тиіс. Жылына бір рет немесе екі жылда бір рет жалақысы өсуі қажет. Бізде номиналды жалақының өсу қарқыны да баяулады. Өткен жылы номиналды жалақы 10–11%-ға өсті. Ал 2021–2024 жылдардағы орташа өсім 17% болды. Бұл жұмыс берушілер жалақыны көтеріп жатқанын көрсетеді. Бірақ жеткілікті деңгейде емес. Алайда бұл мәселе Ұлттық банкке де, тіпті үкіметке де тікелей қатысты емес. Бұл сұрақ жұмыс берушілер мен бизнес өкілдеріне бағытталады. Неге жалақы өспейді?" – деді ол.
Сүлейменов үкімет 2029 жылға дейін халықтың нақты табысын арттыруға бағытталған шаралар кешенін әзірлегенін еске салды. Алайда ресми статистикаға сәйкес, елде нақты табыстар төмендеп жатыр.
"Халықтың нақты табысы 1,5–2%-ға төмендеді. Бұл – ресми дерек. Әрине, бұл алаңдаушылық тудырады. Бірақ бұл 10% емес. Біріншісі – жалақының қағаз жүзінде қаншаға өскені. Екіншісі – сол жалақыға нақты не сатып алуға болатыны, яғни ақшаның күнделікті өмірдегі құны. Мысалы, 2022 жылы 300 мың теңге бір басқа, ал 2026 жылы ол – басқа ақша. Инфляция жоғары болғандықтан сатып алу қабілеті төмендейді. Сондықтан біздің міндет – инфляцияны төмендету. Сонда жалақының, табыстың, зейнетақының сатып алу қабілеті кемімейді немесе әлдеқайда баяу төмендейді", – деді Ұлттық банк төрағасы.
-
Ұлттық банк басшысы қазақстандықтарға биыл несие мен ипотека рәсімдемеуге кеңес берді
-
Депутат банкке қарыз азаматтардың шотын бұғаттамау туралы бастама көтерді
Ұлттық банктің жұмысының нәтижесі қашан көрінеді деген сұраққа Сүлейменов нақты жауап беру қиын екенін айтты.
"Біз оқшау өмір сүріп жатқан жоқпыз. Қаржы жүйеміз әлемдік қаржы жүйесіне интеграцияланған. Сондықтан сыртқы факторлар да оң немесе теріс әсер етуі мүмкін. Соңғы бір жылда сыртқы ортада белгісіздік көп болды. Сол себепті инфляция міндетті түрде төмендейді деп кепілдік беру қиын. Бірақ біздің мақсатымыз – осы жылдың қорытындысы бойынша инфляцияны бір таңбалы деңгейге, яғни 10%-дан төмен түсіру", – деп уәде берді ол.
Қазақстанда орташа номиналды жалақы бір жылда 10%-ға өскен. Алайда жоғары инфляция аясында халықтың нақты табысы төмендеуді жалғастырып отыр. Сарапшылардың бағалауынша, қазан айында нақты табыстың құлдырауы 10%-ға жеткен. Мұндай көрсеткіш елде соңғы 25 жылда тіркелмеген.
"Еркектен сезіне алмаған қамқорлықты сезіндім": Қазақстандық әйелдер бостондық некеде қалай өмір сүріп жатыр