Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақмола облысында кісі өлтіргендер мен ауыр диагнозы бар адамдар әрекетке қабілетсіз азаматтардың қорғаншысы болып тағайындалған

Адам өлтіргені үшін сотталған адам әрекетке қабілетсіз тұлғаға қамқоршы болған

Фото: Ru.freepik.com

Ақмола облысының прокуратурасы уәкілетті органдардың адам өлтіру және өзге де қылмыстар үшін сотталған тұлғаларды қамқоршы ретінде тағайындағанын анықтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, психикалық аурулары бар немесе сотталған адамдар қамқоршы немесе қорғаншы бола алмайды. 

“Мәселен, бұрын кісі өлтіргені үшін сотталған адам екі бірдей әрекетке қабілетсіз тұлғаға қамқоршы болған. Бұдан басқа, әрекетке қабілетсіз азаматқа қамқоршы ретінде “шизофрения” диагнозы бар азамат тағайындалған”, – деп мәлімдеді Ақмола облысының прокуратурасы.

Одан бөлек, уәкілетті органдар әрекетке қабілетсіз азаматтарды есептен шығару жөнінде шаралар жүргізбеген. Нәтижесінде облыста 28 қайтыс болған азамат әлі де “әрекетке қабілетсіз” санатындағы есептен алынбаған.

“Прокурорлық қадағалау шаралары нәтижесінде бұрын сотталған қамқоршылар және психикалық ауытқуы бар тұлғалар өз міндеттерінен шектетілді, деректер заңнамаға сәйкестендірілді, жауапты тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды”, – делінген хабарламада.

Облыс прокуратурасы осал топтағы азаматтардың құқықтарын қорғау бойынша жұмыстарды жалғастырып жатыр.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 17 Қараша, 2025 10:35
Талқылау