Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қызылорда облысының экс-әкімін "ханның қызы" деп атаған белсенді Сандуғаш Тұрлыбекованың үстінен қылмыстық іс қозғалды

Қызылорда облыстық соты 13 наурызда көпбалалы жалғызбасты ана, қоғам белсендісі 40 жастағы Сандуғаш Тұрлыбекованы үй қамаққа ауыстырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: facebook.com/nursultan.baimenov

Соттың Сандуғаш Тұрлыбекованы үй қамаққа ауыстырғаны туралы видео әлеуметтік желіде тараған.

Қызылорда облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Тұрлыбекова қылмыстық кодекстің "бопсалау" бабымен күдікке ілініп, тергеу изоляторына қамалған.

Полиция департаменті оған "әлеуметтік желіде екі адамның жеке өмірін масқаралайтын ақпарат таратып, оны өшіру үшін ақша бопсалады" деген айып тағылғанын және дәлелдер бар екенін хабарлады.

Айта кетейік, Сандуғаш Тұрлыбекова 2020 жылдың 16 шілдесінде Жаңақорған кентінің ауруханаларын аралап жүрген Қызылорда облысының бұрынғы әкімі Гүлшара Әбдіхалықованың алдынан шығып, "Ханның қызысыз ба?" деп төтесінен сауал қойып, жол жабылудың себебін сұрап, түсірген видеосын әлеуметтік желіде жарияланған еді.

Видеода Тұрлыбекова мініп келе жатқан микроавтобусты жол полициясы "әкім жүреді" деп жібермей тұрғаны көрінеді. "Әрі қарай жаяу кетуге мәжбүр болдым" деген Тұрлыбекова аурухана алдынан облыс әкімін көріп, "жолды жапқызатындай ханның қызы ма едіңіз?" деп сауал қояды. Белсендіге жүре жауап берген Әбдіхалықова кейін арнайы видео таратып, өзінің де, аудан әкімінің де, аудандық ішкі істер бөлімінің де жолды жапқызбағанын айтып, учаскелік полицияға кінә артқан.

Облыс әкімі мен қоғам белсендісінің диалогы әлеуметтік желіде кең тарап, түрлі пікір туғызды. Тұрлыбекова осыдан кейін аудан әкімдігі мен аудан прокуратурасы шақырып, қысым жасауға тырысып жатқанын әлеуметтік желіде хабарлап жүрді.

Бұған дейін Сандуғаш Тұрлыбекова көршісі балағаттады деп айыпталып, істі болған еді. 

Талқылау