"Адал емес құрылыс салушылардың тізілімін тоқтату": Құрылыс кодексі Мәжіліске қайтарылды
Фото:depositphotos.com
Сенат депутаттары жаңа Құрылыс кодексінің бірқатар баптарын мақұлдамай, құжатты Мәжіліске қайта жолдады. Бұл құжат құрылыс компанияларының алаяқтық әрекеттеріне тап болған үлескерлерді қорғауға, сондай-ақ заңсыз және нүктелік құрылысқа қарсы қатаң шаралар енгізуге бағытталған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Депутат Сүйіндік Алдашев кодекстің қазіргі редакциясына 27 түзету енгізуді ұсынды.
Соның ішінде ғимараттарды бұзу туралы шешімді кім қабылдай алатынын нақтылау мәселесі бар.
Оның айтуынша, бас мердігердің меншік иесімен тең дәрежеде нысанды бұзу туралы шешім қабылдауына мүмкіндік беретін норма алынып тасталады. Себебі, қолданыстағы заңнамаға сәйкес мердігердің мұндай шешім қабылдауға заңды құқығы жоқ. Сонымен қатар, сел, көшкін және қар көшкіні қаупі бар аумақтардың карталарын қолдануға қатысты нормаларды 2030 жылға дейін тоқтата тұруды нақтылау ұсынылып отыр.
Сондай-ақ, адал емес құрылыс салушылардың тізілімінің жұмысын 2026 жылғы 1 шілдеге дейін уақытша тоқтату ұсынылды.
"Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік жөніндегі комитет Құрылыс кодексі мен заңның жекелеген баптарын мақұлдамауды және оларды жаңа редакциямен Мәжіліске қайтаруды ұсынады", – деді Сүйіндік Алдашев.
Депутаттар бұл түзетулерді қолдап, Құрылыс кодексін жаңа редакциясымен Мәжіліске қайтарды.
Сүйіндік Алдашевтің айтуынша, жаңа Құрылыс кодексінде қалалар мен ауылдардың бас жоспарлары мен егжей-тегжейлі жоспарларын екі жылда бір реттен жиі өзгертпеу туралы норма бекітілген. Бұл бейберекет құрылыстың алдын алу үшін қажет.
Сонымен қатар, сейсмикалық қауіпсіздік талаптары міндетті болады. Яғни жобалау кезінде сейсмикалық микрозоналау карталары қолданылады, ал ғимараттарға сейсмикалық тәуекелді бағалайтын арнайы паспорт беріледі.
Жаңа кодекске сәйкес:
- Бірыңғай құрылыс порталы іске қосылады, жобалар қала құрылысы кадастры жүйесі арқылы бақыланады;
- Сәулет-құрылыс бақылауының өкілеттіктері күшейтіледі, жоспардан тыс тексерулерден кейін жедел шара қабылдауға рұқсат беріледі;
- Тұрғындар мен қоғамдық кеңестерді қала құрылысы шешімдерін талқылауға белсенді тарту көзделген.
Бұдан бөлек, сарапшыларды міндетті сертификаттау және құрылысшылардың бірыңғай цифрлық тізілімі енгізіледі. Барлық құрылыс нысандары тұрақты түрде бақылауда болады.
Күрделі нысандар үшін кілт тапсыру әдісімен құрылыс салу міндетті болады, яғни барлық жауапкершілік бір ғана мердігерге жүктеледі. Сонымен қатар:
- Ғимараттарға берілетін кепілдік мерзімі ұлғаяды, пайдалануға берілгеннен кейін үйлердің техникалық жағдайы жүйелі түрде тексеріледі;
- Кондоминиумдар ортақ мүліктің толық тізімімен міндетті түрде тіркеледі;
- Аяқталмаған құрылыс нысандарының мемлекеттік тізілімі пайда болады.
Заңда ескірген және қауіпті ғимараттарды жаңарту тәртібі жеке қарастырылған. Депутат Бибігүл Аққожинаның айтуынша, Қазақстанда барлығы 59 201 көпқабатты тұрғын үй бар, оның 1 103-і апатты, ал 2 663-і ескірген деп танылған. Қазіргі уақытта реновацияға арналған толыққанды заңнамалық база жоқ, бұл мәселені жаңа Құрылыс кодексі шешуі тиіс.
Оның айтуынша, 2029 жылға дейін 1 429 көпқабатты үй бұзылып, 26 972 меншік иесі жаңа тұрғын үймен қамтамасыз етіледі, бұл шамамен 108 мың адамды қамтиды.
Реновацияның негізгі артықшылығы меншік иелерінің 100% келісімі міндетті болады, тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторы нысанды толық аяқтауға кепілдік береді; салынып жатқан тұрғын үйге екінші деңгейлі банктердің ипотекалық несиесін тарту мүмкіндігі бар; құрылыс салушы бос учаскелерде үлестік қаражат тартуға құқылы; жыл сайын 6-7 мың пәтер жаңартылып, 2029 жылға қарай шамамен 40 мың меншік иесін көшіруге мүмкіндік туады; тұрғын үй қоры жаңарып, заманауи әрі жайлы өмір сүру жағдайы қамтамасыз етіледі.
Заңға сәйкес, адал емес құрылыс салушылардың арнайы тізілімі құрылады. Қазіргі таңда азаматтар заңсыз құрылыс, рұқсат құжаттарының болмауы және үлескерлердің құқықтарының бұзылуы сияқты мәселелерге жиі тап болып отыр.
Бұл тізілімге заңсыз салынған тұрғын үйлерді бұзу туралы сот шешімі бар құрылыс салушылар ғана енгізіледі. Сонымен бірге, оларға 3 жылға үлестік қаражат тартуға тыйым салынады, бұл нарықты ашық етіп, халық пен инвесторлар үшін тәуекелді азайтуға мүмкіндік береді.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Мурат Әбенов Құрылыс кодексінде салаға қатаң бақылау мен талаптар енгізілетінін айтқан. Оның сөзінше, нүктелік және заңсыз құрылыс қылмыстық іс қозғауға негіз болады.
Заңсыз құрылыс үшін тек құрылыс салушылар ғана емес, заңсыз рұқсат берген немесе оған көз жұма қараған шенеуніктер де жауапқа тартылады. Ал үлескерлердің құқықтары бұзылған жағдайда ақшаны қайтару, кепілдіктерді сақтау және кемшіліктерді жою талап етіледі.
Егер адам қаза тапқан немесе зардап шеккен төтенше жағдай болса, құрылыста қай кезеңде қате кеткені анықталады.
"Жоба дұрыс жасалмаса, жобалаушы жауап береді. Сараптама қате болса, сараптама қаралады. Құрылысшы дұрыс орнатпаса, құрылысшы жауапқа тартылады. Техникалық қадағалау тексермей қол қойса,техникалық бақылау жауап береді. Ал егер мемлекеттік органдар тексермей, пара алып немесе көз жұмса, солар жауап береді", - деді Мұрат Әбенов.
Әуежайда әйелдің өмірін сақтап қалған Мұса Әбдірайым – “Жыл адамы 2025” атанды