"Адал, антына берік азаматтар": Депутат Қожаев ішкі істер органдарын жаппай “тазарту" ұсынысын қолдамады

Сенат депутаты Марат Қожаев ішкі істер органдарын жаппай “тазарту” туралы ұсынысты қолдамады. Оның айтуынша, полиция қызметкерлерінің басым бөлігі адал еңбек етіп жүрген, антына берік азаматтар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сенатордың пікірінше, ішкі істер органдары қызметкерлерінің деңгейі жалпы қоғамның жағдайымен тікелей байланысты.
“Біз полицейлерді бір жерге бөлек шығарып, “инкубаторда” өсіріп жатқан жоқпыз. Олар отбасымызда тәрбиеленеді, біздің мектептерде оқиды, жоғары оқу орындарын тәмамдайды. Содан кейін ғана ішкі істер органдарына қызметке келеді. Әрине, олардың ішінде кейбірі бұл жүйеге бейімделе алмайды. Себебі олар қызметке тиісті құндылықтарды ұстанбай келеді”, – деді сенатор.
Қожаев жекелеген мәселелер барын жоққа шығармады. Десе де барлық қызметкерге бірдей баға беріп, жаппай “тазарту” жүргізу дұрыс емес екенін айтты.
Жағдайдың мән-жайы
Еске салсақ, бұған дейін 21 наурыз күні Алматыда Zeekr маркалы автокөліктің жүргізушісі батыс бағытта келе жатып қарсы жолаққа шығып, жолдағы қарсы бағыттағы Mercedes көлігімен соқтығысқан еді. Апат салдарынан 29 жастағы Mercedes жүргізушісі мен 20 және 23 жастағы екі жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Zeekr көлігінің жүргізушісі әртүрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілген. Жол апаты кезінде қаза тапқан жүргізушінің де жақындары кінәлілердің жауапқа тартылуын талап етіп жатыр.
Кейін аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған. Күдікті жүргізуші сот санкциясымен қамауға алынған. Ішкі істер министрлігі жүргізуші апат кезінде жеңіл дәрежедегі алкогольдік масаң күйде болғанын растады. Осыдан кейін Алматы қаласы полиция департаменті бастығының сыртқы қызметтер мен жол қауіпсіздігін қадағалайтын орынбасары, әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары қызметтерінен босатылды.
Қазақстанда киіз үй бағасы 200 мыңнан 1,8 миллион теңгеге дейін: Оны кімдер сатып алады?