Әбілхан Қастеевтің немересі Open Eurasia байқауында ІІ орын алды
Талантты суретші, қазақ бейнелеу өнерінің негізін қалаушылардың бірі Әбілхан Қастеевтің немересі Open Eurasia-2017 байқауында екінші орынды иеленді.
Швеция астанасы Стокгольмде Open Eurasia-2017 байқауы қорытындыланды, деп жазады байқаудың ресми сайты.
Ашық әдеби байқаудың «Иллюстрация», «Видеофильм», «Аударма» және «Әдеби шығарма» атты төрт санатында әлемнің 8 елінен барған 20 қатысушы жеңімпаз атанды.
Open Eurasian Literature Festival & Book Forum VI Халықаралық әдеби фестивалінің ашылу салтанатында жеңімпаздардың есімі жарияланды. Сыйлық лауреаты Дәурен Қастеев «Иллюстрация» санатында екінші орынды алды.
«Әдеби шығарма» санатында «Поэзия» аталымы бойынша Қазақстанның тағы бір өкілі Ғалым Жайлыбай үшінші орын алса, «Проза» аталымындағы үшінші орынды Сәуле Досжан (Қазақстан) мен Верди Йосси (Ресей) өзара бөлісті.
2017 жылы «Ашық Еуразия-2017» байқауына әлемнің 37 елінен 1100-ден астам дарын иесі өз шығармаларын ұсынған. Бұрын Open Eurasian Literature Festival & Book Forum фестивалі аясындағы байқау жеңімпаздарын марапаттау рәсімі Қырғызстанда, Қазақстанда, Ұлыбританияда өткен болатын. OEBF фестивалі мен Open Eurasia байқауын Еуразия шығармашылық гильдиясы коммерциялық емес ұйымы мен Hertfordshire Press баспа үйі ұйымдастырып келеді.
Тағы да оқыңыз:
Алматыда балаларды зорлау оқиғасы: Балабақша директорына сот үкімі шықты
Ислам рұқсат береді: Тәуекел Мүсілім тоқал алуға қатысты пікір білдірді
45 жасында тұрмысқа шыққан Гаухар Әлімбекова жарымен қалай танысқанын айтып берді