Дзюдошы Абиба Әбужақынова әлемдік рейтингте көш бастады
Фото:ҰОК
Қазақстандық дзюдошы, әйелдер құрамасының үздігі Абиба Әбужақынова халықаралық рейтингте өз салмағында тағы да үздік атанды. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
Ол 48 келіге дейінгі салмақта 4596 ұпай жинап, әлемнің ең мықты дзюдошыларының тізімінде бірінші орынға жайғасты.
Естеріңізге салайық, осы жылдың маусым айында Будапештте өткен әлем чемпионатында Абиба финалға дейін жетіп, күміс медаль жеңіп алған еді. Осы жетістігі арқылы ол әлем чемпионатының финалына шыққан тұңғыш қазақ қызы атанды.
Енді отандасымыз жыл соңында өтетін Абу-Даби және Токио Гранд Слэм турнирлерінде бақ сынауы мүмкін.
Осы салмақта күресетін тағы бір қазақстандық спортшы Ғалия Тынбаева әлемдік рейтингте 25-сатыда тұр. Париж Олимпиадасының қатысушысы Есмігүл Қуюлова 63 келіге дейінгі салмақта 908 ұпаймен 49-орында. Әйелдер арасында аса ауыр салмақта белдесетін Назгүл Маратова 45-орынды місе тұтты.
Ерлер құрамасында Олимпиада чемпионы Елдос Сметов қазір 16-орында, ал Ғұсман Қырғызбаев 14-сатыда. 81 келіге дейінгі салмақта Абылайхан Жұбаназар 13-орында болса, -100 келі санатында Шархан Нұрлыхан 30-орынды иеленген. Аса ауыр салмақта ел намысын қорғап жүрген Ерасыл Қажыбаев 21-сатыда тұр.
Айта кетейік, биыл Будапештте өткен әлем чемпионатында Қазақстан ерлер құрамасы жүлдесіз қалған. Сол жарысқа қатысқан Олимпиада жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев бәсекені жетінші орынмен аяқтады

