Әбиба Әбужақынова дзюдодан әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанды
Фото: olympic.kz
Венгрия астанасы Будапештте өтіп жатқан дзюдодан әлем чемпионатында қазақстандық Әбиба Әбужақынова күміс медаль жеңіп алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
48 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Әбиба финалға дейін сенімді күрес көрсетіп, шешуші белдесуде италиялық Ассунта Скуттомен кездесті.
Жекпе-жек барысында 23 жастағы италиялық спортшы уақытынан бұрын жеңіске жетіп, бұған дейінгі екі қола мен бір күміс медальдарына әлем чемпионатының алтын жүлдесін қосты.
Айта кетейік, Әбужақынова — әлем біріншілігінің финалына шыққан алғашқы қазақ қызы. Осы жеңістен кейін оның әлем чемпионаттарындағы медаль саны үшке жетті: екі қола және бір күміс.
Сондай-ақ бүгін, 13 маусым күні, 60 келіге дейінгі салмақта белдескен Мағжан Шамшадин жүлде үшін күресте венгриялық Мартон Андрашиге жол беріп, жарысты аяқтады.
Бұған дейін, Әбибаның әйелдер арасындағы әлем чемпионатының финалына шыққан алғашқы қазақстандық екенін хабарлаған едік.