Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Абхазияда наразы халық үкімет ғимараттарын басып алды

Абхазияда наразы халық үкімет ғимараттарын басып алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: ТАСС

Абхазия республикасында Ресеймен жасалған жаңа инвестициялық келісімге қарсы наразылықтар жалғасуда. Шерушілер үкіметтік ғимараттар кешенін қоршап алып, Грузиядан бөлініп шыққан Абхазия республикасының парламентіне басып кірді.

Абхаз билігі келісімді парламенттен қайтарып алуға уәде берді. Республикада ресейлік бизнестің кеңеюі жергілікті тұрғындарды туризмнен түсетін табысынан айырады дейді абхазиялықтар.

Абхазияда парламент ғимараты жанында шамамен 2,5 мың адам жиналған. Наразылық білдірушілер Ресей мен Абхазияның туларын әкеліп, бұл екі елдің достығын қолдау белгісі деп атады.

Артынша шерушілер мен қауіпсіздік күштері арасында қақтығыс басталған. Шерушілер жұмыртқа мен бөтелке лақтырып, парламент аумағына кіруге тырысты. Қауіпсіздік күштері көзден жас ағызатын газ қолданған. 

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, наразылық акциясы кезінде сегіз адам ауруханаға жеткізілді. Абхазия президентінің жеке қауіпсіздік басқармасының басшысы Аслан Бжания және басқа да жоғары лауазымды тұлғалар шерушілердің талаптарын президентке жеткізуге уәде берді. Кейбір қауіпсіздік күштері наразылық білдірушілерге қосылып кеткен. 

Наразылық білдірушілер парламент маңындағы, одан кейін президент әкімшілігінің жанындағы қоршауды толығымен бұзып, парламент ғимаратына басып кірді.

Парламенттегі келіссөздерден кейін шерушілер алдына шыққан оппозиция жетекшілерінің бірі Темур Гулия шерушілерге Ресеймен инвестициялық келісімнің күшін жою туралы келісімге қол жеткізілгенін, қазір тиісті құжат дайындалып жатқанын мәлімдеді.

Абхазия президентінің әкімшілігі "Абхазия үкіметі мен Ресей Федерациясының үкіметі арасындағы ресейлік заңды тұлғалардың инвестициялық жобаларды жүзеге асыруы туралы келісімді ратификациялау туралы" заң жобасын парламенттен қайтарып алу туралы құжаттың дайындалғанын растады.

Талқылау