"Әбдірахман Асылбековтің қызы өшіруімді сұрады": Қазақтың халықтық әуеніне ән шығарған әншінің басы дауға қалды

Белгілі ақын әрі әнші Әбдірахман Асылбековтің қызы мен Almasoz атты әртіс арасында “Жар-Жар” халықтық әуеніне қатысты дау туды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Almasoz әлеуметтік желідегі парақшасында Әбдірахман Асылбековтің қызы хабарласып, “Жар-Жар” атты соңғы әнін барлық стриминг платформасынан өшіруін сұрағанын айтты. Қызы ән тек әкесінің мәтінімен орындалуға тиіс деп санайтын көрінеді.
Ал Almasoz “Жар-Жар” әуені Асылбековтың мәтінінен әлдеқайда бұрын пайда болғанын және оны бір ғана авторлық нұсқамен шектеуге болмайтын халықтық дәстүр екенін алға тартты.
“Мен неге халықтық “Жар-Жар” әуенін өз интерпретацияммен және мәтініммен орындай алмаймын деп сұрағанда, ол тек әкесінің – Әбдірахман Асылбековтің мәтінімен ғана орындалғанын қалайтынын айтты. Себебі бұл қазір халықтық дәстүр ретінде есептеледі. Мен оған 1949 жылы жазылған “Біржан-Сара” операсында ән Асылбековтің мәтінінен бұрын орындалғанын түсіндірдім. Мен өз құқықтарымды және халық әндерін қорғағым келеді, өйткені қазақтың дәстүрлі әуеніне жеке құқықтарды таңу дұрыс емес”, – дейді әртіс.
Ол сондай-ақ қазақстандық заңгерлерден көмек сұрады.
“Жар-жар” әуені нақты бекітілген мәтіні бар халық әні емес, ол ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан дәстүр, мәтіні өңірге және орындаушыға қарай өзгеріп отырған, суырып салмалыққа негізделген шығарма. Сондықтан мен де осы дәстүрдің табиғатына адал болып, мәтінді өзім жазуды жөн көрдім. Бұл – менің жүрегімнен шыққан нұсқа, менің тарихым”, – деп жазды ол.
Өнер иесі Әбдірахман Асылбековтің қызына туындысына авторлық құқықты беруге дайын екенін, тек әннің платформаларда қалғанын қалайтынын айтты. Оның сөзінше, бұл туындыны шығару үшін жанын салған.
“Мақсатым – ұлттық мұрамызды жаңа қырынан таныту, оны жас буынның орындау мәдениеті арқылы жалғастыру. Қазақ музыкасы – ортақ қазына. Оны құрметтеу де, дамыту да – ортақ жауапкершілік”, – деп жазды ол.
Әбдірахман Асылбеков – “Жар-Жар” ұлттық әуеніне мәтін жазған танымал қазақстандық ақын.
Сонымен қатар бұл әуен қазақтар мен қырғыздар арасында ежелден қолданылып келеді. “Жар-Жар” – салт-дәстүрлік ән, оны тойда және қыз ұзату рәсімінде жігіттер мен қыздар арасындағы айтыс түрінде орындайтын болған. Әннің негізгі мәні – шет елге кетіп бара жатқан қызға ақыл-кеңес беру.
Қазақстандық мұғалімдер жаңа Конституцияны қолдауды талап етіп жатқанын айтты: Алайда оқу-ағарту министрлігі жоққа шығарып отыр