"Әбден қиындық көрген": Ләйлә Сұлтанқызы анасына арнап, жазба жариялады
Танымал тележүргізуші, продюсер Ләйлә Сұлтанқызы анасына арнап, жазба жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: https://www.instagram.com/sultankyzy/
БАҚ өкілі анасын көзінің тірісінде қуантқысы келетінін жасырмады.
“Менің жұлдызым – Дишинкам. Біріміздің анамыз қасымызда, біріміздікі жоқ… Қадірін ана болғанша біле де, түсіне де бермейтініміз тағы бар. “Соңғы кезде мамаңызды көп көрсетесіз, көзінде мұңы бар, әбден қиындық көрген-ау” деген пікірлерді оқып қаламын. Иә, расымен түрлі жағдай бастан өтті ғой. Қайсыбірін айта берейік. Өткен өмірді қозғай бергеннен не пайда? Көбіміздің ата-анамыздың тағдыры ұқсас қой. Қиындыққа қарамай өсірді, оқытты, жеткізді. Шүкір, тәуба. Алға ұмтылуымыз керек. Өсіріп отырған ұл-қыздарымыздың бақытын көруді баршамызға нәсіп етсін. Ал қазір ыңғайы келсе, барынша анама көңіл бөліп, әр сәтін мәнді де сәнді қылғым келеді", – деп жазды медиа маманы.
Айта кетейік, тележүргізуші әжесінің өте мінезді кісі болғанын, анасының оған шыдағанын айтқан еді.
“Менің анам 40 жыл енесімен тұрып, сол кісіге қызмет етіп, адал еңбекпен батасын алған келін деп сенімді түрде айта аламын. Әйтпесе әжем оңай кісі емес еді. Мінезді, шыншыл, адуынды болғаны сонша, кез келген адам шыдай бермейтін. Дишинкамның арқасында әжеге, әкеге деген құрметті, сыйластықты көріп өстік. Соған қатты қуанамын”, – деген еді журналист.