Абай облысында имам 11 жасар баланы қағып өлтірді
Абай облысы Үржар ауданында жергілікті мешіттің 44 жастағы имамы 11 жастағы баланы көлікпен қағып кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: freepik.com
Қайғылы оқиға 14 қазан күні сағат 11:40-та Үржар ауылындағы Гагарин көшесінде болған. Toyota Rav-4 көлігін тізгіндегені имам 11 жасар баланы қағып кеткен. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы көлікті ауылдық мешіт имамының жүргізгенін растады.
"Жол апаты салдарынан кәмелетке толмаған жаяу жүргінші Үржар аудандық орталық аудандық ауруханасында көз жұмды. Осы фактіге байланысты абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды", – делінген полиция хабарламасында.
Істі тергеуді облыстық полиция басшылығы өз бақылауына алды.
Ал Абай облысының бас имамы Асқар Мұқанов қайғылы оқиғаның мән-жайын айтып берді.
Дін қызметкерінің айтуынша, 14 қазан күні түс ауа 11 жастағы бесінші сынып оқушысын Үржар ауылындағы мешіт имамы Қайырбек Ақжігітов көлігімен абайсызда қағып кеткен.
"Өзінің және куәгерлердің сөзіне қарағанда, оның көлігі сағатына 40 шақырым жылдамдықтан аспаған. Қызды көшеде ит қуып келе жатқан, соның салдарынан оқушы абайсызда жолға шығып кеткен. Жүргізуші Қайырбек имам көлікті тоқтатып үлгермеген. Оқиғадан кейін Қайырбек Қалибекұлы жәбірленушіні дереу ауруханаға жеткізді. Өкінішке орай, қыз ауыр жарақаттан көз жұмды. Оқиғаға байланысты тергеу жүріп жатыр", – деді Мұқанов.
Облыстың бас имамының айтуынша, Қайырбек Ақжігітов жергілікті мешітте 10 жылдан астам қызмет еткен. Осы уақыт ішінде оның жұмысына еш шағым түскен жоқ.
"Жұмыс барысында қандай да бір тәртіп пен ережелерді бұзу жағдайлары болған жоқ. Бұл бірінші рет болып отырған жағдай", – дейді Асқар Мұқанов.
Айта кетейік, бұған дейін Атырауда имам жеңіл жүрісті қыздармен жүріп, "шөп" шекті деген ақпарат тараған еді.