Абай облысында соққыға жығылған жасөспірімнің деректерін жариялағаны үшін футбол клубы жауапқа тартыла ма – Бас прокуратура жауап берді
Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев Абай облысында соққыға жығылған жасөспірімнің суретін жария еткен футзалдан “Семей” клубына қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: instagram.com/fcsemey
“Семей” футзал клубы әлеуметтік желідегі парақшасында соққыға жығылған жасөспіріммен бірге жаттығу өткізген сәтінің фотосын жариялаған. Әсет Шындалиев жасөспірімнің деректерін жария ету фактісін алдымен тексеру керегін айтты.
“Шынымды айтсам, осындай мәселе бар екені туралы алғаш рет сізден (журналистен – ред.) естіп отырмын. Қарастырып көрейік. Қазір негізгі күш оқиғаның өзін тергеуге, әрі қарай да осы жасөспірімнің құқығын бұзылмауы үшін шара қабылдауға бағытталып отыр. Сондай-ақ БАҚ-тан естіген де боларсыздар, кәмелет жасқа толмаған балаға қатысты құқық бұзушылық жасағаны үшін бұл балалардың ата-аналарына да қатысты шара қабылданды. Сондай-ақ кәмелетке толмаған балаларға қатысты шара қабылдау мәселесі қаралып жатыр. Сіздер көтеріп отырған мәселені қарастырып көрейік”, – деді ол.
Еске салайық, Семейде бір топ жасөспірім аяусыз соққыға жыққан оқушыға қазақстандықтар 32 миллион теңге жинап, пәтерлі болуына көмектескені туралы хабарлаған едік. Балаға пәтер кілті табысталды.