Абай облысында 4 бала қаза тапқан жол апаты: Сотта балалардың ата-аналары мен жүргізуші сөз сөйледі
Видеодан скрин
Абай облысында Бестерек ауылында 6 баланы қағып кеткен жүргізушіге қатысты сот басталды. Жол апаты салдарынан жасы 2 мен 7 аралығындағы төрт бала қаза тапқан еді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қаза тапқан қыздардың ата-аналары сот отырысында сөз сөйлеп, жүргізушіге әділ жаза тағайындауды талап етті.
"Біз балаларымыздан айырылдық. Адам ретінде кешіруге болса да, заң жүзінде оған жол жоқ. Көлік аулаға кіріп кеткен кезде балаларым қоршаудан небәрі 15 метр жерде тұрған еді. Ұлыммен әлі күнге дейін психолог жұмыс істеп жүр. Жүргізушіге қатаң жаза тағайындауды сұраймын", – деді үш қызынан айырылған ана Таңшолпан Каримова.
Қыздардың әкесі Айбек Серікқанов өз сөзінде қыздарының апаттың алдындағы соңғы күндерді еске алды.
"16 тамызда үш қызым әйелімнің ата-анасына бару үшін Үржарға кеткен еді. Қайын атам оларды көлігімен алып кетті. 11 жастағы ұлым үйде қалған. 20 тамызда үйге қайтып келулері керек еді. Ал 19 тамызда осы қайғылы оқиға болды. Біз әлі күнге дұрыс ұйықтай алмаймыз, сол сәттер көз алдымыздан кетпейді, жұбайым да тек дәрінің көмегімен ғана ұйықтайды", – дейді қыздардың әкесі.
Прокурор мен жәбірленушілер сөз сөйлегеннен кейін сотта 55 жастағы айыпталушыдан жауап алынды. Ол оқиғаға қатысты өз нұсқасын айтып берді.
"Біз жұбайым екеуміз өз көлігімізбен Үржардан Бестерек ауылына шықтық. Үйге қайтып келе жатқанбыз. Екі ауылдың арасы шамамен 7 шақырым. Бестерекке жеткеніміз есімде, одан кейінгісін білмеймін. Есімді жинаған кезде айналамда айғай-шу болды. Мені ауруханаға алып бара жатқаны да еміс-еміс есімде. Кейін полиция бөлімінде отырғанымды анық сездім", – деді айыпталушы.
Судьяның “жиі есінен тануыңыздың себебі неде?" деген сұрағына айыпталушы мұның не себепті екені өзі де білмейтінін айтты.
Сондай-ақ айыпталушы қайғылы оқиғадан бұрын 20 жыл автобус жүргізушісі болып жұмыс істеп, кейін жұмыстан шығып, мал шаруашылығымен айналыса бастағанын айтты.
Айыпталушының сөзінше, ол үнемі дәрігерлерге қаралып, ем қабылдап жүрген.
"Дәрігерлерге қаралдым, ауруханада да жаттым. Үнемі дәрі қабылдаймын, 2021–2022 жылдары Семей мен Астанадағы профессорларға дейін тексерілдім. Өтпеген тексеруім қалмады", – деді айыпталушы.
Адвокаттың "диагнозыңызды білдіңіз бе?" деген сұрағына айыпталушы дәрігерлердің оған туа біткен ауруы бар екенін айтқанын растады. Сондай-ақ ол 2020 жылы ХҚКО-да жүргізуші куәлігін ауыстырғанын және медициналық тексерістен еш қиындықсыз өткенін атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін Абай облысында көлік бір топ баланы қағып кетіп, үш бүлдіршін мерт болып, тағы үш бала жарақат алған еді. Жол апатынан кейін комаға түскен қыз бір айдан соң көз жұмып, қаза тапқандар саны 4 балаға жетті.
"Акушерге, дәрігерге, медбикеге бересің": Қазақстандықтар мемлекеттік перзентханалардың ақша бермесең қарамайтынын айтып, қызу талқылады