Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Абай Бегей: Ұзатылған қызыма енді көп хабарласа бермей күйеуіңе, ата-енеңе қара дедім

Абай Бегей жақында ғана қазақ өнеріндегі марғасқалардың басын Маңғыстау өңірінде қосып, тұңғышын құтты орынына қондырған болатын. Stan.kz тілшісіне эксклюзивті сұхбат берген жұлдызды қайын ата, ақ келін атанған қызы Еркемен қазіргі қарым-қатынасы жайлы сырларымен бөлісті.

 

«Тұрмысқа шықпай тұрып үлкен қызыммен күнделікті хабарласып тұратын едім. Өйткені, өзінен кейінгі бауырларының жағдайын білетін едім. Ол кетіп қалғаннан кейін қазір телефон соғуға ұяламын. Ол басқа үйдің адамы болғаннан кейін әлі де үйренісе алмай жүрмін. Себебі өте қиын екен. Уақыт өте келе үйренісіп кететін шығармыз, қазір іздеймін, сағынамын, көргің келеді», – дейді Абай.

Иә, кез-келген ата-ана сияқты Абайда қызының барған жеріне тастай батып, судай сіңгенін қалайды. Бірақ, бауыр ет баласына деген сағынышы күн санап ұлғая түсуде. Ал, телефон соғуға жүрексініп жүрген жұлдыздың қызына қойған қатаң талабы тағы бар.

«Өзі хабарласқан кезде ғана сөйлесемін. Бірақ мен қызыма айтқанмын. Қызым, басқа үйдің адамы болғаннан кейін жолдасыңның, атаңның көңіл-күйіне қара. Бос уақытың болып жатса ғана маған хабарлас. Болмаса маған қатты алаңдамаңыз дедім. Себебі маған қатты алаңдап кетсе жаман. Ол біреудің үйіне келін болып барғаннан кейін, сол үйдің түтінін түтету керек. Сол себептен көп хабарласа берме деп айтқанмын», – дейді әнші.

Бірақ, жұбайынан ерте айырылған Абай жуырда екінші мәрте отағасы атанса, таң қалмаңыз! Өйткені, өнер иесінің ет-жақындары «шаңырақ көтер», – деп қолқа салып жүрген көрінеді.

«Негізі бұл тақырып біздің туыстардың арасында да көп талқыланып жатыр. Негізі бұл өте қиын жағдай. Міне, отбасын құрамын деп дөп басып айта салу қиын. Егер Алла бұйыртып жатса көрерміз. Себебі балалардың жағдайын жасау керек. Олар әлі кішкентай. Есейсін. Содан кейін көрерміз», – дейді Абай.

  Алайда, Абай жалғыздықтың жаратқанға ғана жарасқанын жақсы біледі. Бірақ, әншінің бір басы екеу болып жатса, болашақ жарына қояр жалғыз ғана талабы бар.

 «Балаларға жақсы қарайтын жан болса және ең бастысы иманды болуы керек», – деп Абай қысқа ғана қайырды.

Алғашқыда қыз ұзату жайлы ақпаратты сыр қылып сақтағасы келгенімен, жұлдыздардың желідегі жазбасы құпияның құлпын ашып қойған.

«Қызымды ұзатсам халыққа көрсетпей, жария қылмаймын деп ойлағанмын. Біздің өнер адамдары инстаграм парақшасына салды, оған дейін сұрағаннан кейін 1-2 рет сұхбат бергенмін. Әрине, ол қиындау. Анасы болмағаннан кейін, қасымда жолдасым болса басқаша болар ма еді деген сияқты сезімдер болады. Бірақ, енді Алланың қалауымен ұзаттық», – дейді жұлдызды қайын ата.

Абай Бегей бүгінде қыз ұзатып, қайын ата атанғанымен, кезінде қатарластарына қарағанда пысық болғанын айтады. Сондықтан, сері жігіт ерте шаңырақ көтерген.

 «Мен 19 жасымда, келіншегім 18 жасқа толғанда шаңырақ көтердік. Содан кейін қызымыз ерте бойжетіп ұзаттық. Мен енді бір ұл, екі қызым бар. Олар әлі кішкентай. Мектепке енді барып жатыр. Бұйырса енді Алла өмір берсе соларды да құтты орынына қондырсам ба деген өзімде ниет», – дейді Абай Бегей.

Оқи отырыңыз:

Қазақстандағы ең танымал өнер иелері Сивиге не сыйлағандарын айтты (фото,видео)

30 жасқа толған Сиви Махмуди дүркіретіп той жасады (фото, видео)

Майғазиевтің анасы ұяттан жұрдай болған “Қалаулым” қатысушыларына тоқтау салуды өтінген

Айсәуле Бақытбек: Былтыр отбасым да, жеке өмірім де ойран болды

Дастан Оразбеков ұлына Түркия президентінің есімін берді (видео)

 

 

 

 

 

 

 

Талқылау