Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әр директорға 91 миллион теңгеден: Елдегі ұлттық компаниялар 2023 жылы басшыларына қанша сыйақы төледі

Еліміздегі ұлттық компаниялар жыл сайын қаржылық есеп ұсынып, жетістіктері мен сәтсіздіктері жайлы мәлімет жариялайды. Бұл құжатты сараптай отырып біз компаниялардың табысы туралы ғана емес, басшылық құрамға және директорлар кеңесіне төленетін жалақы мен қосымша бонустар жөнінде мәлімет ала аламыз. Ал басшылардың бір жылдағы табысын білу үшін біз сыйақының жалпы сомасын басқарма мүшелері мен директорлары кеңесі мүшелерінің санына бөлдік. 

кесте бонус

Кесте: Stan.kz 

"ҚазАтомПром" АҚ

Қазатомпром компаниясының 2023 жылғы есебіне сәйкес, басқарма мүшелері мен директор кеңесіне сыйақы ретінде 912,8 миллион теңге бөлініпті. Компанияда 7 басқарма мүшесі бар, директорлар кеңесінің құрамында 7 адам көрсетілген. Алайда оның 4-і негізгі акционермен байланысты, сондықтан оларға сыйақы төленбейді.

қазатомпром

Сәйкесінше компаниядағы басқарушы тұлғалар 2023 жылы 91,3 миллион теңге сыйақы алды. 

"Қазақстан темір жолы" АҚ

"Қазақстан темір жолы" Ұлттық компаниясының 2023 жылғы есебіне сәйкес басқарма құрамы мен директорлар кеңесінің мүшелеріне жалақы мен сыйақы ретінде 790 миллион теңге бөлген. 

ҚТЖ

Компанияда басқарма мүшелері 8 адам, директор кеңесінде де 8 адам бар. Орта есеппен олардың әрқайсысы 1 жылда 49,3 миллион теңгеден аса жалақы мен сыйақы алған. 

QazaqGaz

"QazaqGaz" Ұлттық компаниясының директорлар кеңесінде 8 адам бар. 2023 жылы директор кеңесіне сыйақы ретінде жалпы 69,8 миллион теңге бөлінген. Әр адам орта есеппен 8,7 миллион теңге сыйақы алыпты. 

қазақгаз

Ал басқарма мүшелеріне 505,6 миллион теңге сыйақы төленген. Басқарма құрамында 6 адам барын ескерсек, олардың әрқайсысына 84,26 миллион теңге сыйақы беріліпті.

қазақгаз

“ҚазМұнайГаз” АҚ

“ҚазМұнайГаз” компаниясының директорлар кеңесінің құрамында 8 адам бар екен. 2023 жылғы есепке сәйкес кеңес мүшелеріне сыйақы ретінде 97,2 миллион теңге бөлген. Кеңестің әр мүшесі орта есеппен 12 миллион теңгеден сыйақы алған.

қазмұнайгаз

Ал басқарма құрамында 10 адам көрсетілген, оның ішінде басқарма төрағасы мен 9 мүшесі бар. 2023 жылы олардың әрқайсы 38,8 миллион теңгеден сыйақы алды. 

қазмұнайгаз

"Қазақтелеком" АҚ 

Компанияның жылдық есебіне сәйкес "Қазақтелеком" директорлар кеңесінің төрағасына 2023 жылы 16 миллион теңге көлемінде сыйақы төленген. Ал тәуелсіз директорға (Қазақстан азаматы болмаса) 45 мың доллар және комитеттегі мүшелігі үшін тағы 11 мың доллар сыйақы беріледі. Егер тәуелсіз директор Қазақстан азаматы болса, сыйақы мөлшері 16,6 миллион теңге мөлшерінде белгіленген. Бұдан бөлек комитет мүшелігі үшін қосымша 4 миллион төленген. 

"Қазақтелеком" директорлар кеңесінің төрағасына берілген сыйақы 16 миллион теңге. 2023 жылы директор кеңесі мүшелеріне төленген сыйақы көлемі 57 356 111 теңге болған. Ал директорлар кеңесіндегі шетелдіктерге барлығы 56 148 доллар (26,7 миллион теңге) сыйақы берілген екен. 

Ал басқарма мүшелеріне төленген ақшалай еңбекақы төлемдері мен көтермелеудің барлық түрінің жиынтық мөлшері 362,4 миллион теңге болған. Басқарма құрамында 6 адам бар, олардың әрқайсы 60,4 миллион теңге сыйақы алды. 

"KEGOC" АҚ

кегок

KEGOC компаниясының 2023 жылғы есебіне сәйкес басқарушы тұлғаларға сыйақы ретінде 420 миллион теңге бөлінген. Компанияның директорлар кеңесінде 7 адам көрсетілген. Ал басқарма құрамында 5 адам бар. Олардың әрқайсы орта есеппен 35 миллион теңге сыйақы алған.

“Qazcloud” ЖШС

IТ-инфрақұрылымын қолдау, техникалық қызмет көрсету және жаңғырту cаласындағы “Qazcloud” ЖШС компаниясында негізгі 4 басшы бар екен. 2023 жылғы қаржылық есепке сәйкес, компания басшыларына сыйақы мен жалақы ретінде 266,1 миллион теңге төлеген. Сәйкесінше, әр басшы 66,5 миллион теңгеден сыйақы алған. 

казклауд

Қазпошта

Ал "Қазпоштада" басқарма мүшелері мен директор кеңесінің мүшелеріне төленген жалақы және сыйақы мөлшері әртүрлі екен. 2023 жылғы қаржылық есепке сәйкес басқарма мүшелеріне төленген сыйақы мөлшері 131,2 миллион теңге болған. Басқарма құрамында 6 адам барын ескерсек, олардың әрқайсы 21,8 миллион теңге сыйақы алған. 

қазпочта

Директорлар кеңесі құрамында 6 адам бар. Әйткенмен жалғыз акционердің өкілі саналатын директорлар кеңесінің мүшелеріне (Николай Казутин мен Мират Өтепов) сыйақы төленбейді. Сонда директорлар кеңесінің қалған мүшелері 2023 жылдың қорытындысы бойынша 9,5 миллион теңгеден алған. Сонымен қатар басқарма басшысы да директорлар кеңесіндегі қызметі үшін сыйақы алмайды. 

Еске салайық, бұған дейін alash.online сайтында ұлттық компаниялардың топ-менеджерлеріне бонус төлеуге тыйым салуды ұсынатын петиция жарияланған еді. Мәслихат депутаты Бекарыс Шойбек петицияда бонус ретінде төленетін қыруар қаржының халықтың қалтасынан алынатынын мәлімдеген. Жыл басында жарияланған петицияға 652 адам қол қойды. 

Талқылау