Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

9 қаңтардан бастап елімізде көлік жүргізушілеріне салынатын айыппұл мөлшері азайтылады

9 қаңтардан бастап елімізде жол ережесін бұзғандарға салынатын айыппұл көлемі төмендетіледі.

Мәселен, бұған дейін қарсы жолаққа шығып кеткендер 1 жылға жүргізуші куәлігінен айырылатын. Ал жаңа заң бойынша 6 айдан кейін көлік тізгіндеуіне рұқсат. Жол жүру ережесін бұзғаны үшін елімізде салынатын айыппұл көлемінің көптігі бұған дейін талай мәрте айтылды. Ақыры төмендетіліп, заң жүзінде бекітілді. Бірер күннен кейін күшіне енетін құжатта жеңілдіктер көп. Мәселен, бұған дейін күндіз көліктің шамын жақпағандар шамамен 11 мың теңге айыппұл төлейтін. Қазір 7 мың теңгесін сарп етеді. Тіпті бір мәрте ескерту жасалуы да мүмкін, деп жазады 24.kz.

Жылдамдықты 10-20 км/сағаттан асырғандарға, көлікті тыйым салған жерге қойғандарға да салынатын айыппұл 2 есе қысқарды. Ал темір тұлпарын мүгедектердің тұрағына қойғандар бұрын 113 мың теңге төлесе, жаңа заңда айыппұл мөлшері – 24 мың теңге. Сондай-ақ тәртіп сақшыларына бағынбай, қарсылық танытқандар бұрын бірден 1 жылға жүргізуші куәлігінен айырылса, енді 72 мың теңге төлеп, жазадан құтылады.

– Айыппұлдың төмендетілгені жақсы болды. Кейде күндіз жарық жақпай кетсең де, көп мөлшерде айыппұл төлейтін едік. Жаңа ережелерге әсіресе жүргізушілер ризамыз. – Төмендеткені дұрыс болды деп ойлаймын. Бірақ айыппұлдарды былтырғы жылдары көтерген кезде кептелістің өзі азайып қалды. Көліктер азайып жатыр. Былтырғыдай емес, жол апаты да аз болып жатыр.

– Айыппұлдардың қысқарғаны бізге жақсы болды. Кейде жарық жақпай, белбеу тағуды ұмытып кететін жағдайлар болады.

– Негізі мүмкіндігінше ережені бұзбау керек. Заңмен жүру керек. Заң күшіне енбей жатып, жол ережесін бұзғандар да жеңілдетілген айыппұлға ілінуі мүмкін. Дәлірек айтқанда, егер оларға қатысты қаулы шықпаса, онда жаңа заң шеңберінде жауапкершілікке тартылады.

“Егер жол жүру ережесін бұзса, ал оған қатысты қаулы заңдық күшіне енбесе, онда ол жаңа заң бойынша айыппұл төлеуге міндеттеледі. Бұл әкімшілік заңбұзушылық туралы кодекстің 5-бабында қарастырылған”, – дейді заңгер Айсана Сман.

Ал Астанада 15 қыркүйекте пилоттық негізде енгізілген «Сергек» бейнебақылау камерасына бүгінге дейін 36 мыңға жуық заңбұзушылық тіркелген. 240 миллион теңгеден астам айыппұл салынып, оның 11 млн теңгесі өтеліпті. Бастысы жол ережесін өрескел бұзу жайттары азайған.

Статистикаға қарасақ, әжептеуір төмендеген. Жол көлік апаты да, көшеде жасалатын құқықбұзушылықтардың да саны 19-20 пайызға азайды деп айтуға болады. Сонымен қатар бұл жүргізушілерді де тәртіпке салады. Өйткені қазіргі таңда «Сергектен» басқа 3 мыңнан астам бейнебақылау бар”, – дейді қалалық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі София Қылышбекова.

Мамандар «статистика жақсарды» дегенімен, биыл жыл басынан бері бір ғана Астанада 100-ден астам көлік апаты тіркеліпті. Бұл ретте жүргізушілер тарапынан әлі де жауапкершіліктің артқаны құба-құп болар еді.

Тағы да оқыңыз:

Адвокат жол ережесіне қатысты ескі айыппұлдарды жою жолдарын атады

2018 жылы жүргізушілерге салынатын айыппұл кестесі

Қазақстанда көлікті мемлекеттік тіркеуге қою ережесі өзгерді

Талқылау