Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мен 8 наурызда тудым": Туған күндері әйелдер мерекесімен тұспа-тұс келген азаматтар әсерлерімен бөліседі

Көктемнің ең сұлу, ең әдемі мерекесі — 8 Наурыз қыз-келіншектер асыға күтетін күн. Ал осы күнді асыға күтетін жігіттер де бар екен. Өйткені олар 8 наурызда дүние есігін ашқан. Stan.kz тілшісі наурыздың 8 жұлдызында туған ер адамдармен тілдесіп, бұл күнді қалай өткізетінін тыңдады. 

мартАлматы қаласындағы №5 өрт сөндіру бөлімінде көлік жүргізу бойынша аға инструктор болып қызмет ететін Самат Қазақбайұлы үшін 8 наурыз қыз-келіншектер мерекесімен емес, туған күні болғаны үшін ыстық.

Оған кішкентай кезінде бұл күнде туғанын қабылдау қиын болған. Сыныптастарының арасында ыңғайсызданған көрінеді. Бірақ қазір бәрі керісінше.  

"Туған күнім мерекеге сәйкес келетінін мектепте оқып жүргенде білдім. Сыныптағы қыздарды құттықтап жатқанда, мені де туған күніммен құттықтап, достарым үстімнен күлді. Қыздардың мерекесінде туғанымды айтып мазақтады десем болады. Сол кезде қатты ыңғайсызданғанымды жасырмаймын. Бірақ өсе келе дәл осындай ерекше күнде туғаныма бақыттымын", - дейді ол. 

Бұл күн — Саматтың отбасы үшін ерекше мереке. Төл мерекесін жанұясымен бірге тойлайтын олар бір-біріне сыйлық дайындайды. 

"Туған күнімді отбасыммен тойлаймын. Әйеліммен, ұл-қызыммен бірге атап өтемін. Мен оларға осы мерекеге байланысты түрлі сыйлықтар дайындасам, олар да маған сыйлық алады. Басқа емес, дәл осы күні туған анама рахмет", - деген ол ата-анасына ренжіген кезі болмағанын айтады. 

"Бұл күні еркеше құттықтауды достарым ұйымдастырады" -, дейді өрт сөндіруші. Олар жыл сайын түрлі "алдау операциясын" әзірлеп, қалжыңдайтын көрінеді.  

"Осыдан бірнеше жыл алдын туған күнімде жұмыста кезекшілікте болдым. Әріптестерім құттықтап гүл берді. Жылда сыйлық алып жүрген маған  үйреншікті болғанымен, әріптестерімнің ортасында бірінші рет болған соң біртүрлі сезім болды. Басшылық таңғы жиналыста қыздарды мерекесімен құттықтап болғаннан кейін мені де құттықтады. Ал достарым бірден қоңырау шалып, жылы лебіздерін айтуды ұмытпайды. Әр туған күнім сайын мазақтап, әзілдеп жатады. Кейде бір компанияның атынан құттықтап, 8 наурызда туғаныңыз үшін сыйлық дайындадық деп айтып күліп жатады. Тіпті, Stan.kz тілшісі қоңырау шалып, туған күніме байланысты пікір беруімді сұрағанда әзілдеп жатқан достарым шығар деп "туған күнім 10 наурыз, қателестіңіз" дедім (күліп - ред.). Осындай сәттер көп болады", - дейді Самат.



Алматылық Біржан Оймауытов бүгін 50-ге толды. Ел ағасы біраз уақыт қыз-келіншектер мерекесінде туғанын жасырып келген екен. 

"Оқушы кезімде 8 наурызда туғанымды айтуға ұялдым. Сыныптастарым мазақтап, "қыздардың мерекесінде туғансың ба, сен де қызсың ба" деп кекетіп, тиісіп жатады. Сол үшін мектепте жүргенде 7 наурызда тудым деп өзгертіп айтатынмын. Сөйтіп, мектеп бітіргенше екі туған күн тойладым десем болады. Ал қазір дәл осы күні туғаныма қуанамын. Достарыма, туысқандарыма "менің туған күнімде бүкіл халыққа демалыс беремін" деп қалжыңдап айтамын. Туған күніме жұбайым дастархан жайып, достарымызды шақырып атап өтеміз. Жарым маған, мен оған сыйлық беремін. Қазір туған күнімді мақтанышпен айтамын. Керемет датада мені босанған анама рахмет айтамын", - дейді Біржан Оймауытов. 

Ал маңғыстаулық Мереке Үсенбайұлының есімі осы мереке құрметіне қойылған. 

"Мереке деген ер жігіттерде сирек кездесетін есім. Атым үшін қысылмаймын. Керісінше, қуанамын. Анам өзінің мерекесінде толғағы қысып, тар құрсағын жібітіп, дүниеге алып келгеніне шүкірлік айтамын. Атымды әкемнің туған ағасының әйелі, яғни, жеңгем қойған. Есім таңдауда ұзақ ойланбаған секілді. Мейрам күні туған соң, одан кейін жүрген жері мерекелі болсын, берекелі болсын деген жақсы ниетпен қойған. Биыл 8 наурызда 25-ке толамын. Мүшел жасқа шығамын. Жұрт жапа-тармағай қыз-келіншектер күні деп хабарласып жатса, менің отбасымда туған күнім - бірінші орында. Барлық үй-ішім менің туған күнімді күтеді. Тіпті, келіншегім өзінің мерекесі екенін ұмытып кетіп, туған күніме ерте қамданады. Ал мен өз кезегімде анама, келіншегіме сыйлық таңдап, ұзақ ойланып жүремін", - дейді маңғыстаулық Мереке.

Оның айтуынша, осы күні сыйлықтар әйелінен гөрі өзіне көп келетін көрінеді. 8 наурызда туғанның тағы бір жақсы жері өзін құттықтаған қыз-келіншектерді мерекесімен құттықтап, бір оқпен екі қоянды атамын дейді Мереке. 

"Маған қоңырау шалған сәтті пайдаланып қыз-келіншектер мен әжелерді мерекесімен құттықтап жатамын. Осы күнге дейін түрлі қызықты жағдайлар болды. Есімімді айтқанда елең ете қалатын, 8 наурызда туылдым десем күле қараса, бірі қызығып қарайтын сәттер болды. Енді бірі туған күнің қиын шығар деп жаны ашып та жатады. Расында олай емес, дәл осы күні туған анама мың алғыс", - деп түйді ойын Мереке.

 

Stan.kz ұжымы 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнімен барша нәзік жанды аруларымызды құттықтайды. Сондай - ақ, осы күні туған барлық туған күн иелеріне жаңа жас жағымды жаңалығымен келсін деп ыстық лебізін білдіреді!

 

Дайындаған: Жанна МӘЛІК

Талқылау