Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

8 мың шақырым: Шымкенттік жігіт Мәдина қаласына велосипедпен жетті

Ролан Анатолы Мәдинаға велосипедпен бардыФото: Видеодан скриншот

Шымкент қаласының тұрғыны Ролан Анатолы шамамен 8 мың шақырым жолды велосипедпен жүріп өтіп, қасиетті Мәдина қаласына жетті. Қазақстаннан басталған сапарға ол барлығы 44 күн жұмсаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Сапар барысында Ролан Қазақстан, Ресей, Гүржістан, Армения, Иран, БАӘ, Катар және Сауд Арабиясы секілді бірқатар елдерден өткен. Иран мен Біріккен Араб Әмірліктері аралығындағы бөлікті жас қазақстандық теңіз паромымен кесіп өтті.

Ролан әлеуметтік желідегі парақшасында күн сайын видео жүктеп отырады, оның жазбаларынан сапардың әлі де жалғасып жатқанын байқауға болады, өйткені оның мақсаты Меккенің алтын нүктесі – қасиетті Қағбаға жету.

Видеолардың бірінде жас қажы қасиетті мекенге жақындағанда оны полиция қызметкері тоқтатқанын жазды, сөйтіп ол Меккеге велосипедпен кіре алмай қалған. Алайда Умраға тур ұйымдастыратын демеуші компанияның бірі қазақстандықтың мұндай жағдайға тап болғанын көріп, оған көмектесу үшін Сауд Арабиясының құқық қорғау органдарымен байланыс орнатты. Олар жас саяхатшының қажы ретінде келе жатқанын түсіндірген. Кейін компания Роланға көлік жіберіп, ол сапарын Мәдинада жалғастырды. Сондай-ақ оған бірнеше күндік демалыс үшін қонақ үйден номер берілді.

Шымкенттік жігіттің видеоларынан әр елдің тұрғындары оны жолда тоқтатып, қайдан келе жатқанын, қайда бара жатқанын сұрап, қызығушылық танытқанын көруге болады. Кейбіреулер су мен тағам ұсынып, қолына жүзім, құрма ұстатады, сөзбен де қолдау білдіреді

Әлеуметтік желі қолданушылары да Роланды қолдап, қазақстандықтың межелеген жерге сәтті жетіп, сапарының қауіпсіз әрі табысты аяқталуын тілеп жатыр.

“Алла күш қуат берсін! Меккеден күтіп аламыз”, “Дұғадамыз Ролан, Алла жар болсын”, “Сен Меккеге жетіп алғанша жүрегіміз тыныштық таппайды. Баламыздай уайымдап отырмыз”, “Жолың болсың”, “Алла жеңіл әрі тез жеткізсін сені інім”, – деп жазған олар.

Айта кетейік, бұған дейін қазақстандық альпинист әлемдегі ең биік 7 жанартауды бағындырып, соңғы шыңға еліміздің туын тіккені хабарланған еді.

Балнұр Жұмаділла
Жұма, 28 Қараша, 2025 17:46