Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанадағы мектептердің бірінде мейіргер 8 жасар оқушыға 8 дана антибиотикті қинап ішкізген

Астанадағы №27 мектеп-гимназиясында сегіз жастағы оқушы мейіргер берген дәрілерді ішіп, уланып қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Видеодан скрин/Айсәуленің анасы

Сабақтан кейін үйіне әрең жеткен Айсәуле есік ашқан анасының алдында құлаған. Мұны көрген анасы қызын әлдекімдер ұрып тастады деп ойлаған. Алайда оқушының медицина қызметкерінің берген дәрілерінен уланып қалғаны анықталды. 

“Құса бастады. Мен не болғанын түсінбей, мең-зең болдым. Ол да аң-таң. Сабақтың бітуіне бір сағат қалғанда оны мейіргер шақырып алған. Сөйтіп менің рұқсатымсыз қызыма 8 дана дәрі берген. Оны дәрі ішуге мәжбүрлеген кезде қызым қанша дәрі ішкенін санаған”, – дейді Айсәуленің анасы.

Жедел жәрдем келіп тексерген соң "жүйелі антибиотиктермен улану" деген диагноз қойды. Баласының не себепті мұндай жағдайға түскенін білу үшін ата-ана мектеп директорымен сөйлеспек болды. Алайда оған хабарласа алмаған. Бетпе-бет кездескенде де мектеп директоры пікір білдіріп, жауап беруден бас тартты.

Қазір болған жағдайға қатысты денсаулық сақтау министрлігі мән-жайды анықтап жатыр. 

“Аумақтық комитет қызметтік тексеру жариялады. “Менде ақпарат жоқ” деген сөз емес, оны айтып, жария қылудың мәні жоқ. Өйткені біз әлі тергеу жұмыстарын аяқтаған жоқпыз”, – деді Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев.

Оқушы қызға дәрі берген медицина қызметкері оқу орнының өзінде емес, қалалық емханалардың бірінде жұмыс істейтіні белгілі болды. Антибиотикпен емдеуді фтизиатр дәрігер тағайындаған. Себебі қыз бір жылдай бұрын туберкулезбен ауыратын сыныптасымен байланыста болған. Бірақ Айсәуленің анасы Ақтамақ Аппас қызының сап-сау екенін айтады.

“Олардың барлығына манту салынды. Бүкіл сынып есепке алынды. Биыл оларды есептен алып тастады. Фтизиатр дәрігері бізді компьютерлік томографияға жіберді. Бала тексеруден өтті, дені сау, таяқшалар жоқ”, – дейді ол.

Десе де, дәрігерлер мұндай жағдайда көрсетілген мөлшерде дәрі тағайындалатынын растады. Бірақ балаға дәрі-дәрмек берердің алдында ата-анасының келісімін алу керек екенін атап өтті.

“Мектептегі кез келген іс-қимыл, дәрі беру үшін ата-ананың келісімі қажет. Олар алдымен ақпараттандырылған келісімді толтырады, содан кейін ғана балаға кез келген дәрі-дәрмек беріледі. Ақпараттандырылған келісім әрқашан жазбаша түрде толтырылады”, – дейді педиатр дәрігер Жәмилә Иманәлиева.

Дәрігердің айтуынша, кез келген таблеткаларды тамақ кезінде немесе одан кейін қабылдау керек. Мейіргер Айсәулеге дәріні екінші ауысым біткенде, яғни аш қарынға берген.

Айсәуленің жақындары болған жағдайға қатысы барлардың жазасыз қалғанын қаламайды. Қыздың анасы қазірдің өзінде прокуратураға арыз жолдап, оқиғаның әділ зерттелуін талап етіп отыр.

Талқылау