Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

8 адам қаза тапқан: Үндістан Пәкістанға зымырандармен шабуыл жасады

Фото: istockphoto.com

Пәкістан әскері Үндістан әуе күштерінің зымырандармен соққы жасағанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Пәкістан әскерінің қоғаммен байланыс басқармасының бас директоры, генерал-лейтенант Ахмед Шариф Чаудри Үндістанның Котли, Бахвалпур және Музаффарабад қалаларына зымыран соққыларын жасағанын хабарлады.

"Біраз уақыт бұрын Үндістан Бахвалпурдағы Ахмед-Ист ауданында орналасқан Субханулла мешітіне, сондай-ақ Котли мен Музаффарабад қалаларында үш бірдей әуе соққысын жасады. Біздің әскери-әуе күштеріміздің барлық ұшақтары қазір әуеде. Бұл қорқақ әрі масқара шабуыл Үндістанның әуе кеңістігінен жасалды. Оларға ешқашан Пәкістанның әуе кеңістігіне кіріп-шығуға рұқсат берілмеген", – деді ол.

Чаудри Пәкістанның бұл шабуылға "өзі қалаған уақытта және қалаған жерден жауап беретінін" мәлімдеді.

Ал Үндістан қорғаныс министрлігі "Синдур операциясын" бастап, Пәкістандағы террористік инфрақұрылымдарға соққы жасағанын хабарлады. Министрлік таратқан мәліметке сәйкес, операция барысында 9 нысанаға соққы жасалған, алайда Пәкістан әскеріне тиесілі ешбір әскери нысанға соққы жасалмаған. Олардың айтуынша, бұл шабуыл "нақты жоспарланған, салмақты әрі шиеленісті ушықтырмайтын сипатта" жүргізілген.


Үндістан-Пәкістан арасындағы қақтығыс қашан басталды, оған не себеп?

Үндістанмен соғыс болмай қоймайды – Пәкістан қорғаныс министрі


Сондай-ақ Үндістан билігі "Пәкістан аумағындағы террористік инфрақұрылымға бағытталған соққылар Пахалгамда болған жауыз терактіден кейін жүзеге асырылғанын" мәлімдеді.

Пәкістан қауіпсіздік қызметінің өкілдеріне сілтеме жасаған AP агенттігінің хабарлауынша, Пәкістан қарулы күштері де қарсы соққылар жасаған.

Geo TV телеарнасы Пәкістан әскери қызметкерлеріне сілтеме жасап, бейбіт тұрғындар арасында зардап шеккендер бар екенін хабарлады. 

Пәкістан әскерінің қоғаммен байланыс басқармасы (ISPR) бас директоры Ахмед Шариф Чаудридің айтуынша, Үндістан қарулы күштерінің түнгі соққыларынан кейін Пәкістанда сегіз адам қаза тауып, 35 адам жарақат алған. Тағы 2 адам із-түссіз жоғалып кеткен. 

Ол Үндістанның Пәкістандағы алты нысанаға жалпы 24 соққы жасағанын, оның ішінде азаматтық аймақтар, мешіттер мен медициналық мекемелерге де соққы бергенін атап өтті.

Еске салсақ, бұған дейін Үндістанда лаңкестер тобы туристерге оқ жаудырып, 27 адам қаза тапқан еді. Осы оқиғадан кейін Үндістан мен Пәкістан шекарасында атыс болып, екі ел арасындағы жағдай ушыға түсті. 

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 07 Мамыр, 2025 08:22
Талқылау