"78 адам жалған жұмысқа орналастырылған": Түркістанда жалақыны субсидиялау қаражатын жымқырғандар сотталды
Фото: Қаржы мониторингі агенттігі
Түркістан қаласында азаматтардың жалақысын субсидиялауға бөлінген бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша айыптау үкімі шығарылды. Тергеу амалдарын Қаржылық мониторинг агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті жүргізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тергеу материалдарына сәйкес, "Еңбек мобильділігі орталығының" бұрынғы директоры, "Жұмыс берушілерді қолдау" бөлімінің қызметкері және бірнеше коммерциялық ұйым басшылары субсидияланатын жұмыс орындарына азаматтарды жалған рәсімдеу арқылы бюджет қаражатын заңсыз иемденген.
Орталық қызметкері кәсіпкерлердің электрондық цифрлық қолтаңбаларын пайдаланып, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу үшін өтінімдер берген. Құжаттарда жалған жұмыс орындары көрсетіліп, кейін бұл лауазымдарға нақты еңбек атқармаған азаматтар қабылданғаны туралы бұйрықтар рәсімделіп отырған.
Кәсіпкерлер өз таныстары мен туыстарын "мемлекеттік бағдарлама аясында жұмысқа орналасасыңдар" деген желеумен банктік шот ашуға көндірген. Алайда бұл шоттар арқылы тек жалған қызметкерлерге жалақы аудару жүзеге асқан. Ай сайын жүйеге жалған табельдер енгізіліп, соның негізінде қаражат "жұмысшылардың" есепшотына аударылған.
Түскен қаржы қолма-қол ақшаға айналдырылып, бөлім қызметкеріне тапсырылып, кейін схемаға қатысушылар арасында бөлінген.
Осылайша, 78 адам жалған түрде жұмысқа орналастырылған. Мемлекетке келтірілген залал көлемі 49 миллион теңгеден асқан.
Сот үкімімен үш айыпталушы 4 жыл 6 айдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Ал екі кәсіпкерге 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сондай-ақ мемлекетке келтірілген материалдық шығын толық көлемде өтелген. Айта кетейік, үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
188 млн теңге жымқырған "Қазсушардың" бес лауазымды қызметкері мен бас мердігер қамауға алынды
Еске салайық, бұған дейін Қазақстандық әйел жүкті әйелдерді "жұмысқа тұрғызып", 217 миллион теңге жымқырғанын жаздық. Айыпталушы олардың атына әлеуметтік төлемдерді рәсімдеп, қаржыны жеке мақсаттарына жұмсаған. Аталған дерек бойыншаҚылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігімен қылмыстық іс қозғалып, тергеу Шымкент қаласының Экономикалық тергеу департаментіне тапсырылды.
"16 жерінен пышақтап, сойып тастаған": Алматы облысында әкесі 15 жастағы қызын қатыгездікпен өлтірді деген күдікке ілінді