"768 мың ер адам гинекологиялық тексеруден өткен": Ішкі істер министрлігі Әлназарованың "ЖСН кінәлі" деген уәжін жоққа шығарды

МӘМС жүйесіндегі миллиардтаған теңгелік күмәнді деректер қоғамда резонанс тудырды. Ішкі істер министрлігі ЖСН-дегі қате туралы нұсқаны жоққа шығарып, жауапкершілікті медициналық жүйелерге жүктеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Время" басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Қаржы министрлігі жүргізген МӘМС жүйесіне аудиттен соң 1,8 млрд теңгеге заңбұзушылық анықталды. Соның ішінде жынысына сәйкес келмейтін медициналық қызметтер тіркелген. 768 827 ер адам жатыр мойны обырына скринингтен өткен, тағы 619 ер адам маммографиядан өткен деп көрсетілген.
Ақпанда денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова бұл жағдайды ЖСН-дегі қателікпен түсіндірген. Оның айтуынша, жүздеген мың адамның ЖСН-індегі жетінші цифра дұрыс көрсетілмеген, бірақ іс жүзінде барлық тексерулер дұрыс жүргізілген.
Алайда ішкі істер министрлігі бұл нұсқаны қолдамады.
"ЖСН тек жеке тұлғаны сәйкестендіруге арналған бірегей нөмір, ол адамның жынысын немесе басқа әлеуметтік деректерін анықтауға арналмаған. Сондықтан мемлекеттік және медициналық қызметтерде адамның жынысы мен басқа мәліметтері арнайы тіркелімдер мен ақпараттық жүйелер арқылы тексерілуге тиіс", – деп жауап берші ішкі істер министрлігі.
ІІМ-нің айтуынша, скринингтердің дұрыс жүргізілуі мен деректердің нақтылығына денсаулық сақтау ұйымдары жауап береді.
Яғни, министрлік ер адамдарға әйелдерге арналған скринингтердің жүргізілуін ЖСН-дегі қатемен байланыстыруды растамады.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында да медициналық қызметтер пациенттің нақты қатысуынсыз көрсетілмейтінін мәлімдеген. Әдетте дәрігер алдымен пациентті тіркеп, содан кейін ғана тексеру жүргізеді. Осы үшін барлық қабылдауларда фотофиксация енгізілген.
Дегенмен сұрақтар әлі де бар. Мысалы, Алматы облысындағы бір ғана аудандық ауруханада 11 мыңнан астам скрининг жынысына сәйкес келмейді деп тіркелген. Ал бір аудандық аурухана шамамен 20 мың адамға қызмет көрсетеді. Демек, мұндай үлкен көлемдегі қатені тек ЖСН-мен түсіндіру күмән тудырады.
Денсаулық сақтау саласының сарапшысы Марат Мамаевтың айтуынша, идеалды жағдайда ақпараттық жүйелер клиникалық тұрғыдан мүмкін емес жағдайларды автоматты түрде сүзгіден өткізуі тиіс. Мысалы, ер адамдарға гинекологиялық қызмет көрсету сияқты жазбалар жүйеде тіркелмеуі керек.
Егер мұндай деректер еш тексерусіз өтіп кетсе, бұл жүйедегі цифрлық бақылау механизмдерінің әлсіздігін көрсетеді. МӘМС жүйесі көрсетілген қызмет көлеміне қарай төлем жасау моделіне негізделген: медициналық ұйымдар көрсетілген қызметтер туралы мәліметтерді енгізіп, олар кейін төлем үшін қорға жіберіледі.
"Мұндай жүйеде цифрлық бақылау тетіктері шешуші рөл атқарады. Егер олар жеткілікті дамымаса, жүйе қателерді, дұрыс емес жазбаларды және статистикалық ауытқуларды өткізіп жіберуі мүмкін. Сондықтан ер адамдарға скрининг жүргізілді деген деректердің барлығы жалған деген сөз емес. Бұл бірнеше фактордың қосындысы болуы мүмкін. Тіркеу деректеріндегі қателер, ақпараттық жүйелердің интеграция ерекшеліктері және қызметтерді есепке алудағы дәлсіздіктер", – дейді сарапшы.
Сондықтан қазіргі жағдай тек медициналық емес, сонымен бірге жүйені басқару мен қаржыны бақылау мәселесіне де қатысты. Айта кетейік, бұл мәселеге байланысты Денсаулық сақтау министрлігіне де ресми сауал жолданғанымен, әзірге жауап берілмеді.
- Ер адамдар жатыр мойны обыры скринингінен өткен: Денсаулық сақтау министрі жағдайды ЖСН-дегі қателіктермен түсіндірді
-
"Соңына дейін апарамын": Депутат Бақытжан Базарбек дәрі-дәрмек саласындағы жемқорлықты әшкереледі
Еске салайық, бұған дейін былтыр Қызылорда облысында босанған әйелге қан құю кезінде АИТВ жұқтырды деген шу шыққан еді. Бұл жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырғанымен, кейін Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова нақты қорытынды тексерістен кейін белгілі болатынын айтып, ақпаратты біржақты растаудан бас тартқан.
"Сап-сау баламды мүгедек қылып алдым": Қазақстандық әйелдің көзінше баласы азелит ішіп, өңешін күйдіріп алған